Жарияланды: 350

Шымкент түбіндегі ұшақ апатында қаза болғандардың ішінен 9 адамның кім екендіктері танылды

Шымкент түбінде ұшақтың құлауының мән-жайларын тергеуге қатысу үшін Украинадан мамандар келді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

«Осы қайғылы оқиғаны тергеу үшін прокуратура, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының ең тәжірибелі тергеушілері мен қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылып, бас әскери прокуратураның армия прокурорының басшылығымен жұмыс жасауда. Апаттың мән-жайларын зерттеуге Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер, Әділет және Денсаулық сақтау, сондай-ақ авиация органдарының ең білікті сарапшылары мен криминалистері тартылды. Сонымен қатар, ұшақтың құлауының мән-жайларын тергеуге қатысу үшін Украинадан «УкрСпецЭкспорттың» және Украина авиациялық-жөндеу зауытының 7 маманы келді», - деді ресми өкіл. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта оқиға болған жерді қарау толықтай аяқталды. Сот-медициналық сарапшыларымен табылған мәйіт бөлшектерінің 27 адамға тиесілі екендігі расталды. Н. Сүйіндіковтің сөзіне қарағанда, бүгінде ұшақ апатынан ажал құшқандардың туыстарымен 9 адам танылды. Олар подполковниктер А. Айымбетов, С. Досыбеков, А. Шуканов және Вячеслав Рахманов, майор шеніндегі А. Ибраев пен О. Голубев. Сондай-ақ, аға сержант М. Қонақбай, сержант Г. Доланбаева, кіші сержант П. Вязоков бар. «Мәйіттерді тану жалғасуда, денелердің елеулі зақымдары бар мәйіттер бойынша геномдық сараптама тағайындалып, жүргізілуде. Тергеумен қаза болғандарды тезарада идентификациялау және жерлеу үшін отбасыларына беру бойынша барлық қажетті шаралар қолданылатын болады», - деп түйді ресми өкіл. Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Шымкент маңында шекара қызметінің АН-72 әскери-көліктік ұшағы апатқа ұшырап, экипаждың барлық мүшелері және оның жолаушылары мерт болды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін