Қазалы аудандық ауруханасында алғашқы ем алған оны Сыр өңірінің ақ халаттылары жедел жәрдеммен Шымкентке жеткізіп, әріптестеріне аманаттап кетіпті. Екі ай бой тыңғылықты ем қабылдаған пациент жуырда үйіне оралды.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
"Әлішер, қалай жағдайың? Шүкір, жақсы!".
Әлішер Қадірханның денсаулығы бүгінде аздап болса да жақсарған. Күйіктен күлдіреп түсіп қалған терісі ақырын жазылып келеді.
"Мына жерлерім кішкене қышиды. Қышиды сәл. Жазылады".
Қазалы ауданының тумасы Әлішер Панабекұлы былтыр желтоқсанда үйде газ баллоны жарылуынан қатты зардап шеккен. Денесінің 92 процентін күйік шалыпты. Ауыр халде аудандық ауруханаға, одан әрі санавиациямен Шымкентке жеткізілген. Жалынның салдарынан болған 2-3-ші дәрежелі термиялық күйік 27 жастағы ер адамның бір қабат терісін сыпырып түсірген.
МҰХИТ ДОСЫБАЕВ, ЖОҒАРЫ ҚЫСЫМДЫ ОКСИГЕНАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: "Ауқымды күйік емдеу кроватында жатты. Оның көп себебі тиді. Таксимия сатысы жеңіл түрде өтуіне көп ықпал етеді және де дәрі-дәрмектер, антибактериялды терапиялардың бәрін қабылдады".
Екі ай бойы ауруханада тұрақты ем қабылдаған пациент ауыр кезеңдерді бастан өткергенін айтады. Қорқынышты ойлар мазалап, аман қалатынына сенімі аз болыпты. Дегенмен, қазір бәрі артта қалып, біртіндеп оңалып келе жатқан оның дәрігерлерге алғысы шексіз.
ӘЛІШЕР ҚАДІРХАН, НАУҚАС: "Осында келген кезде менің жағдайым өте ауыр болған. 92% күйгенмін. Менің тірі қалатыным екіталай болған. Осында қызмет көрсеткен дәрігерлердің арқасы, білікті дәрігерлердің арқасы, Аллаға шүкір!".
Науқас жуырда отбасына оралды. Денсаулығы бірқалыпты. Тек күйіктің орны ұзақ жазылатындықтан, ол енді дәрігер тағайындаған ем-домды үздіксіз қабылдауы тиіс.