ШЫҰ мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысынан репортаж - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ШЫҰ мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысынан репортаж

ШЫҰ мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысынан репортаж

Үндістан мен Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүшелікке өту үшін ресми өтінім берді.

  • 12 Қыркүйек 2014
  • 801
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы бүгін Душанбеде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Бүгінде Ұйымның күн тәртібінде 2025 жылға дейінгі ШЫҰ-ны дамыту стратегиясын әзірлеу мәселесі тұр. Стратегияны қабылдау арқылы біз ұйымның нақты бағдары мен болашақтағы күшеюі перспективасын айқындайтын жаңа белесті еңсереміз», — деді Елбасы.

Қазақстан  Президентінің атап өтуінше, бұл бағыттағы алғашқы қадам ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру тәртібін бекіту мен өтініш беруші мемлекеттердің міндеттемелері туралы меморандум болмақ.

«ШЫҰ-ның дамуы оның негіз қалаушы ұстанымдары арнасында жүргізілуі тиіс, оның бірі — ашықтық. Бүгінде екі мемлекет — Үндістан мен Пәкістан ресми түрде мүшелікке өту үшін өтінім берді»,-  деді Мемлекет басшысы.

Украинадағы дағдарыстың жалғыз шешімі  — бұл саяси диалог пен консенсус.

«Біздің барлығымызды да Украинадағы ахуал барынша алаңдатады. Дағдарыстың ауқымы мен ықпалы бұл елден баяғыда-ақ тысқары шығып кетті», — деді Н.Назарбаев.

Осы ретте Елбасы Шығыс Украинадағы ахуал шұғыл арадағы шаралар мен іс-қимылдарды талап ететіндігін баса айтты. «Проблеманың ұзақмерзімді жалғыз шешімі  — бұл саяси диалог пен консенсус.  Ағымдағы жылдың 26 тамызында орын алған Минск кездесуінің маңыздылығын да атап өту қажет. Ресей Президенті ұсынған жанжалды реттеудің кезең-кезеңдік жоспары дағдарысты бейбіт жолмен шешудегі маңызды құжатқа айналды»,-  деген ҚР Президенті тараптарды аталған құжатты қатаң ұстануға шақырды.

Таяу Шығыс лаңкестіктің иіріміне шырмалып тұр. Бұл туралы бүгін Душанбеде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Таяу Шығыстағы жағдай да қиын болып отыр. Сирия, Ливия, Ирак, Палестина-Израиль жанжалы тұрақсыздықтың бақылаудан шығып кеткен ошағына айналды. Өңір лаңкестіктің иіріміне шырмалған», — деді Қазақстан көшбасшысы.

Елбасының атап өтуінше, деструктивті элементтер тек қана өңірлік қана емес, сонымен бірге халықаралық қауіпсіздікке де тікелей қатер төндіреді.

«Бұл елдердегі дағдарысты ахуалдың гуманитарлық салдары да қиын екендігі белгілі», —  деді Н.Назарбаев.

Ауғанстан проблемасын шешу ауған халқының өз қолында.

«Ауғанстан таяуда өткен президенттік сайлаудан кейін өз дамуының шешуші кезеңіне өтті. Тұрақтылықты қамтамасыз ету және сындарлы ауғанішілік диалогты жолға қою шұғыл міндеттердің қатарында қалып отыр»,-  деді Елбасы.

Н.Назарбаев осы ретте Ауғанстан проблемасын шешу ауған халқы мен Үкіметінің өз қолында екендігін баса айтты.

«Ауғанстан экономикасын қалпына келтіруге жәрдемдесу  басты мәселе болып қала береді», — деді Елбасы.

Теһран мен «алтылық» елдері Иранның ядролық бағдарламасы бойынша ұзақмерзімді келісімге қол жеткізетініне үміт артамыз. «Иран мен Батыс арасындағы сұхбаттастықты алға жылжыту бойынша жан-жақты күш-жігерді қолдаймыз. Теһран мен «алтылық» елдері 2014 жылдың қарашасына дейін Иранның ядролық бағдарламасы бойынша қамтымды әрі ұзақмерзімді келісімге қол жеткізетіндігіне үміт артамыз», — деді Мемлекет басшысы.

Елбасының атап өтуінше, бұл Иранның ШЫҰ-ға мүшелікке өтуіне жол ашатын болады.

Киберқауіпке қарсы тұру саласындағы белсенді ынтымақтастықты жалғастыру маңызды.

«Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты тереңдету басымдықты болып қала береді. Шекаралық мәселелер бойынша ынтымақтастық және өзара іс-қимыл келісіміне тезірек қол қою ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы шекара аудандарындағы сенім шараларының күшеюіне мүмкіндік береді»,-  деді Н.Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы ресми Астананың Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымның қызметін одан әрі жетілдіруге дайын екендігін баса айтты.

«Бұл процесс жан-жақты ойластырылған әрі барлық тараптың мүддесін ескерген болуы қажет. Киберқауіпке қарсы тұру саласындағы белсенді ынтымақтастықты да жалғастыру маңызды. Қазақстан БҰҰ аясында халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы  тәртіп ережесін ілгерілетуді қолдайды», — деді Мемлекет басшысы.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының  Іскерлік кеңесі мен банкаралық бірлестігі жұмысын жандандыру қажет. «ШЫҰ-ның Іскерлік кеңесі мен ШЫҰ-ның банкаралық бірлестігі жұмысын жандандыру қажет. Олардың тиімділігінің көрсеткіші өзара пайдалы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы болуы тиіс», — деді Н.Назарбаев.

Елордада «Жаңаратын энергияны дамыту және пайдалану перспективалары» тақырыбында халықаралық  конференция өтеді.

«Жаңа бағыт ШЫҰ-ның Энергетикалық клубының іске қосылуы болып табылады. Қазақстан Клубтың бірінші төрағасы ретінде Жоғары деңгейдегі топтың отырысын ұйымдастырды. Тараптардың ағымдағы жылдың қарашасында Астанада өтетін «Жаңаратын энергияны дамыту және пайдалану перспективалары» тақырыбындағы конференцияға белсенді қатысуын күтеміз», — деді Мемлекет басшысы.

Елбасы 2017 жылы Астанада «Болашақтың  энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтетіндігін еске салды.

«Құрметті әріптестер біз сіздерді қатысуға шақырамыз», — деді Н.Назарбаев әріптестеріне қарата.

Душанбеде өтіп жатқан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның үйлестіру кеңесін құруды ұсынды.

«ШЫҰ сұхбаттастығы бойынша бақылаушы мемлекеттермен және әріптестермен өзара іс-қимылды тереңдету тиісінше назар аударуға лайықты. Ұлттық үйлестірушілер мен бақылаушы мемлекеттер өкілдерінің кездесу тетігін ШЫҰ-ның Үйлестіру кеңесіне айналдыруды ұсынамыз», — деді Қазақстан көшбасшысы.

Сонымен қатар Елбасы ШЫҰ аясындағы суға қатысты проблемаларды шешудің нақты шарасы Қазақстан ұсынып отырған су комитетін құру бола алатындығын баса айтты.

«ШЫҰ Хатшылығы мен Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы комитеті арасындағы серіктестік қарым-қатынасты орнату туралы бастама қолдауға лайықты», — деді ҚР Президенті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын өзектендіру қажет. Бүгін Душанбеде өтіп жатқан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында РФ Президенті Владимир Путин осындай ұсыныс жасады.

«Құрметті әріптестер! Әлемдік экономикадағы дағдарысты құбылыстың әлі де болсын еңсерілмегендігін еске салғым келеді. Ал қазіргі шектеу мен тосқауыл сынды әртүрлі саяси тәуекелдер істі одан ары қиындата түседі. Жаһандық іскерлік ахуалға тікелей шығын әкеліп, халықаралық сауда мен қаржы жүйесіндегі сенім деңгейін төмендетеді», — деді РФ Президенті.

Осы ретте В.Путин 2003 жылы қабылданған ШЫҰ-ның сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын және 2008 жылғы оны жүзеге асыру жоспарын өзектендіру мәселесіне назар аударуды ұсынды.

«Мұндай кооперация үшін көптеген тетіктер бар — бұл ШЫҰ-ның Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігі, бейінді ведомстволар басшыларының кеңестері», — деді ол.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының ортақ көлік жүйесін құру идеясының болашағы зор — деді т РФ Президенті Владимир Путин

«Біздің көзқарасымызша,  Жібек жолын дамыту жөніндегі Қытай Халық Республикасының жоспарымен түйіндес ресейлік Транссібір темір жолы мен Байкал-Амур магистралінің транзиттік әлеуетін пайдалана отырып ШЫҰ-ның  орталық көлік жүйесін құру идеясының келешегі зор», — деді В.Путин.

Оның атап өтуінше, бұл бағыттағы жұмыстарға бүгін қол қойылатын халықаралық автомобиль тасымалы үшін қолайлы жағдай жасау туралы келісім оң серпін бермек.

 «Бұл РФ-ның Ленинград облысындағы айлақтарды Сары теңіз айлақтарымен қосатын «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дәлізін қоса алғанда автомобиль бағдары желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді», —  деді В.Путин.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының келесі саммиті 2015 жылдың шілде айында Уфада өтеді, — деді  РФ Президенті Владимир Путин мәлім етті.

«Келесі саммитке 2025 жылға дейінгі ШЫҰ-ның даму стратегиясын әзірлеу туралы шешімді жүзеге асыратын боламыз. 2015 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын бірлесіп атап өтуге ерекше мән береміз», — деді В.Путин.

Сондай-ақ РФ Президенті ШЫҰ мен Ресей, Беларусь және Қазақстан арасында құрылған Кеден одағы байланыстарын жолға қою, басқа да халықаралық ұйымдармен, ең алдымен БҰҰ-мен ынтымақтастықты кеңейту маңызды екендігін баса айтты.

«Төрағалық кезінде әр түрлі деңгейдегі шамамен 100 іс-шара өткізуді жоспарлаудамыз. Оның ең бастысы 2015 жылдың 9-10 шілдесі күндері Ресейде, Уфа қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті болмақ», — деді ол.