Бұл туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің туризм индустриясы комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық туристер бес жұлдызды Norwegian Jade круиздік лайнерде тұратын болады. Лайнер 2006 жылы Германияда пайдалануға берілген, оның 2376 жолаушыға арналған 1190 каютасы бар.
Қазақстандық делегация тұратын орынды таңдау кезінде қауіпсіздік мәселесіне басты назар аударылды. Лайнер қосымша күзетілетін аймақта, қысқы олимпиада ойындарының негізгі спорттық және мәдени шаралары өтетін жерге жақын орналасқан. Онда қосалқы өткізу режімі (басында терминалда, содан кейін лайнердің өзінде) және порт аумағында қонақтардың қолжүгін автоматты бақылау болмақ.
Сонымен қатар, қауіпсіздік мақсатында осы ойындар кезінде жанкүйерлер төлқұжатын рәсімдеу практикасы енгізіледі. Онсыз Сочи қаласына кіру мүмкін болмайды.
Norwegian Jade лайнерінде 12 ресторан, 10 бар, бассейндер кешені, түрлі спорт алаңдары, түнгі клуб, дүкендер галереясы, варьете, театр және басқалары қызмет көрсетеді.