Жарияланды: 550

Солтүстік Қазақстан облысына тұқым себу науқанына арнап республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінеді

Көктемгі тұқым себу науқанына арнап жергілікті бюджеттерге несие беру шарасы аясында республикалық бюджеттен Солтүстік Қазақстан облысына жанар-жағармай сатып алуға 1 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Солтүстік Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы департаменті төрағасының орынбасары Нияз Ыбыраев хабарлады.

Оның айтуынша, қолма-қол ақшасы бар ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне арнайы квота бойынша Павлодар мұнай өңдеу зауытынан 18 мың тонна жанар-жағармай алып беруге департамент дайын. Н.Ыбыраевтың айтуынша, алдағы көктемдегі далалық жұмыстар үшін Солтүстік Қазақстан облысына 58 мың тоннадан астам жанар-жағармай қажет. Оның 16 проценті қазір қоймаларда сақтаулы тұр. "Жанар-жағармай сатып алуға арналған үкімет несиесі облысқа ақпан айының соңына дейін аударылатындықтан " оның қалған бөлігін сатып алуда қиындықтар туындамауы тиіс деп санайды маман. Н.Ыбыраевтың хабарлауынша, аймақта тұқым себу науқанына дайындықтар қызу жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Тайыр Мансұровтың тапсырмасымен арнайы кесте шығарылды. Соған сәйкес, машина-трактор паркінің 75 проценті 15-ақпанға дейін, ал 15-сәуірге дейін 90-92 проценті егістік науқанына қамданып үлгеруі тиіс. Н.Ыбыраевтың айтуынша, жалпы алғанда техниканы тұқым себу науқанына дайындау қарқыны өткен жылғыдан әжептәуір жоғары. Облыстағы шаруашылықтардағы 15 мың трактордың 3 мыңы жұмысқа дайын емес. Алайда, жөндеу жұмыстарына күні бүгінге дейін кіріспеген шаруашылықтар да бар деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін