Есілдің арғы бетінде ауыл барын әкімдік әлдеқашан ұмытқан тәрізді. Бір көлік әупірімдеп өтетін шағын көпірді көктемнің басында су шайып кеткен. Содан бері ауылға сырттан келген не басшы, не қосшы жоқ. Көмек сұрап шырылдаған жұрт бүгін де жағаға келіп, жанұшыра айғайлап тұр.
-Өзеннің арғы бетіндегі халықтың мұң-мұқтажын тыңдау үшін бізге де қайықпен жүзіп өтуге тура келді. Ауылдағы жалғыз моторлы қайықтың өзіне жанармай кейде болмай қалады. Сол кезде 500 тұрғыны бар ауыл халқы сырқаттанып қалмасақ деп жанымызды шүберекке түйіп отырамыз дейді.
50 жыл болған ескі қайықты төтенше жағдай қызметі жақында әкеп берген. Бұған да шүкіршілік етіп отыр тұрғындар.
Ақжібек Сәрсенбаева, Разгульное ауылының тұрғыны:
-Шөптікөлден машина шақыртамыз.
-Әкімдер біле ме?
-Біледі, бәрі біледі. Оларға керек емес. Бір кісі ауырғанда, құдай сақтасын, ағаш қайықпен былай суға батырып-батырып ар жаққа шығарды.
Арғы бетке өткен соң олар көлік жалдап, 160 шақырым жердегі аудан орталығына жетеді. Өйткені мұнда не жедел жәрдем, не автобус бөлінбеген. Ал жолы жоқ ауылға әкім-қаралар қайдан келсін.
-Әкімдер жол барда келеді. Келеді де тамаққа тойып қайта кетеді.
Ал атқамінерлердің жауабы жаттанды. Жаңа көпір салуға ауданда ақша жоқ. Ал ескісін жөндеуге уақыт қажет екен.
Владимир Дудов, Мүсірепов ауданының әкімі :
-Жаңа көпір тұрғызу үшін сметалық құжат жасап есептеу керек. Қаражат жоқ. Су тартылған соң уақытша амалдайтын көпірді осындағы кәсіпкерлер көмегімен қайта жасаймыз. Ол тек шілде айында ғана іске асады.
Былайғы уақытта түрлі спорт, білім сайыстарына барудан қалған мұғалімдердің ендігі бас ауруы – биылғы Ұлттық бірыңғай тест. Олар талапкерлерді сынақтан емес, өзеннен қалай аман алып өтуді уайымдап жүр.