Қазақстанда жыл сайын жол апатынан қаза тапқандар саны артып барады. Ішкі істер вице-министрі
Ерлан Тұрғымбаев осылай деп мәлімдеді.
"Соңғы 10 жылда жол апаттарынан 32 мыңнан астам адам қаза тауып, 108 мыңнан астам жолаушы жарақат алды", — деді ол дүйсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, өткен жылы Қазақстанда 14 мыңнан астам жол апаты болған. Салдарынан 3 мың адам қаза тауып, 17,5 мыңы жарақат алды.
"Ал, осы жылдың 8 айында 13 мыңнан астам жол апаты болып, 1800 адам көз жұмды. Тағы 17 мың адам жарақаттанған. Былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда апат саны 57%, қаза тапқандар 4%, жарақат алғандар саны 65% артты", — деді ол.