Жарияланды: 690

Соңғы үш жылда Ақтөбеде пәтер бағасы үш есе өскен

Соңғы үш жылда Ақтөбеде пәтер бағасы 2,5-3 есе өсті. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "Ақтөбе облыстық жылжымайтын мүлік орталығы" РМК бағалау бөлімінің бастығы Жаннат Құсыналиева хабарлады.

Оның айтуынша, "соңғы үш жылда пәтер немесе үй сатып алуға ниет білдірушілер саны артпаса, азайған жоқ, бұл - ақтөбеліктердің басым бөлігінің әл-ауқаты арта түскенінің нақты бір нышаны". Қазір Ақтөбеде аудан түріне қарай бір бөлмелі пәтер 10-12 мың доллар тұрады. Бұл 2000-жылғы бағадан үш есе артық, ол кезде 2-3 мың долларға қала орталығында екі пәтерлі үй сатып алуға болатын. Ж. Құсыналиеваның пікірінше, банктер ипотекалық несие бойынша проценттік өсімді азайтқан жағдайда тұрғын үй бағасы тіптен шарықтауы мүмкін. Сондай-ақ, жаңадан құрылған "Тұрғынүйқұрылыс жинақ ақша банкі" жоғары болмаса да тұрақты жалақы алатын адамдарға болашақта баспаналы болуға жәрдемдесу жөнінде уәде беріп отыр дейді ол. Егер несиелерге халықтың қол жеткізу мүмкіндігі артса, нәтижесінде бұл тұрғын үй рыногіндегі сұраныстың артуына түрткі болады деді Ж.Құсыналиева. Сонымен бірге, оның айтуынша, жылжымайтын мүліктің қазіргі баға деңгейіне әсер ететін бірнеше факторды атауға болады. Біріншіден, мұнай саласында жұмыс істейтіндер санының артуы, екіншіден, Ақтөбенің табиғи-климаттық, экономикалық және инфрақұрылымдық тартымдылығы болмақ. Соның әсерімен Ақтөбеге таяу орналасқан Атырау, Ақтау және Орал қалаларының тұрғындары тарапынан тұрғын үйге сұраныс артып отыр. "Ақтөбедегі жылжымайтын мүлікке қазіргі баға деңгейі нарық заңдылықтарына және экономикалық дамуға сәйкес қазіргі нақты ахуалға орайластыра белгіленіп отыр",- деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін