Жарияланды: 610

СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Қазақстандық теннисшілер Андрей Голубев пен Галина Воскобоева, Астанада өтіп жатқан Президент Кубогы жолындағы жарыстың келесі сатысына көтерілді.  Бірінші айналымдағы жеңіс Голубевке оңай түскен жоқ.

Еліміздің бірінші ракеткасы аса шиленісті өткен бәсекеде өзіміздің жерлесіміз Денис Евсеевтен басым түсті. Алғашқы сетте 5:7 есебімен Евсеев жеңіске жетсе, тай-брейкке ұласқан екінші кезеңде дәл осындай есеппен Голубев үздік шықты. Дегенмен шешуші сеттегі ойында қарсыласына дес бермеген  тәжірибелі шебер Андрей Голубев 6:1 есебімен айқын ұтты. Екі сеттегі матчта Люксембургтен келген Анне Кремерден айласын асырған  Галина Воскобоева да екінші айналымға жолдама алды. Қазақстандық теннисші келесі ойынын украиналық құрбысы Леся Тсуренкомен өткізеді. Бір өкініштісі, талабы таудай жас теннисшіміз Зарина Дияс голландиялық Аранта Русқа жол беріп алды. Осы күні Қазақстан құрамасының белді теннисшілері Михаил Кукушкин мен Андрей Голубевке, Дэвис кубогі жолындағы жарыста көрсеткен жоғары нәтижелері үшін халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді.

Михаил Кукушкин, теннисші:

-Қазақстанда біздің еңбегімізді бағалап құрмет көрсетіп жатқандығы бізді қатты қуантады. Сәйкесінше бізде досым екеуіміз барынша жоғары нәтижелер көрсетуге тырысамыз және Қазақстандағы теннисті дамытуға сол арқылы елдің атын бүкіл әлемге танытуға ат салысамыз.

Халықаралық велоспорт одағы өзінің ресми сайтында жаңа әлемдік рейтинг кестені жария етті. Бұрынғы позициясынан үш саты төмен сырғыған отандық  велоклуб “Астана” жаңа тізімде 14-орынға орналасқан.

Ал көш басына Люксембургтің  “Леопард трек” велокомандасы шығыпты.   Ұлттық есепке келсек, мұнда да ілгері емес кері кетіппіз. Турасын айтқанда еншісіне 230 ұпай жазған ұлттық командамыз 11-орыннан бір саты төмен түскен. Бұл тізімде 1256 ұпаймен Испания көш бастап тұрса,  Италия екінші, ал Бельгия үшінші орынға жайғасыпты. Жақында аяқталған “Тур де Франстағы” тамаша жеңісі аустралиялық Кадел Эвансты рейтинг кестеде бірінші орынға алып шықты. Испаниялық әйгілі велошбандоз Альберто Контадор екінші орынды сақтап қалса, бельгиялық Филипп Жильбер үздік үштікті түйіндепті. Үлкен спортпен қоштасқан Александр Винкоуров бұл тізімде оныншы сатыдан табылса, “Астананың” чехиялық өкілі Роман Кройцигер 22-орынға көтерілген.

Мадриттік «Реалдың» жартылай қорғаушысы Месут Озил жаңа маусымда табысқа жететініне сенімді. Жаңа маусым алдында АҚШ-қа сапар шеккен король клубы жергілікті клубтармен үш кездесу өткізіп оның бәрінде жеңіске жетті.

Оқу-жаттығу жиынын Мадридте   жалғастырған  “Реал” жаңа маусымға тыңғылықты дайындық үстінде.  «Барселонада» кеткен былтырғы несібемізді биыл бос жібермейміз деп отыр.  Ал Германия құрамсының ойыншысы Месут Озил  алдағы маусым Испания  біріншілігін бірінші орынмен аяқтап, чемпиондар лигасының тәжін басына көтеретініне сенімді. Ал алдағы  сәрсенбі күні «Реал»  Берлинде «Гертаға» қарсы жолдастық кездесу өткізбек.

Футболдан Германияның Мюнхен қаласында өтіп жатқан Ауди кубогының финалдық жұбы белгілі болды. Жартылай финалдың бірінде «Барселона»  пенальти бойынша Бразилияның «Интернасьонал» клубын қапы қалдырды.

Негізгі құрамның 9 футболшысына демалыс берген испаниялық клубқа бүгінгі матчтағы жеңіс оңай тиген жоқ.  Кездесудің бірінші жартысында Тиагу Алькантараның көмегімен есеп ашып үлгерген каталондықтар алғашқы таймды сәл басымдықпен аяқтады. Алайда үзілістен кейін есін жиған барзилиялық клуб тез арада есепті теңестіріп кетті. 63- минутта  «Барселонаны» Дос Сантос алға шығарғанымен Дамиау жауапты көп күттірмеді. Ойынның негізгі уақытында жеңімпазды анықтай алмаған қарсыластар ойын соңынан пенальти тебуге кірісті. Бұл сында  бағы жанған  «Барселона»  финалда турнир иесі мюнхендік «Бавариямен» күш сынасады.     

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін