Команда құрамынан талай доданы көрген әккілер мен қатар жас балуандарға да орын тиіпті. Көптің көз тіккені 60 келідегі үмітіміз Алмат Кебіспаевта. Оның да өз себебі бар. Алмат әлем чемпионатында осымен үшінші мәрте бақ сынағалы отыр. 2010 жылы қоланы місе қылған балуан, келесі жылы күміспен күптелді. Кебіспаевтан ендігі күтетініміз алтын жүлде. Басқа салмақтарға тоқталсақ 55 келіде Нұрсұлтан Қалмырзаев, 66-да Ербол Қоңыратов, 74-те Асхат Ділмұхамедов, 84-те Нұрсұлтан Тұрсынов, 96- да Ерұлан Ысқақов, ал 120 келіде Нұрмахан Тыналиев белдеседі.
Бүгін Мәскеулік «Динамо» мен Челябінің «Тракторы» арасындағы бәсекемен шайбалы хоккейден Континентальдық лиганың алтыншы маусымы басталды. Сегіз мемлекеттің басын қосқан лиганың бас жүлдесін биыл 28 команда сарапқа салмақ. Олардың арасында Астананың «Барысы» да бар.
Астаналық хоккейшілер маусым аралық үзілісті бос өткізген жоқ.
Бірқатар жолдастық кездесулерге қатысқан Ари –Пекка Селиннің командасы, екі бірдей халықаралық жарыстың көрігін қыздырды. Тамыз айының басында Қазақстан президентінің кубогы жолындағы турнирге қатысса, жақында Магнитогорскідегі дәстүрлі доданың ортасына түсіп қайтты. Клуб алдында тұрған биылғы мақсат, Гагарин кубогы үшін жарыстың алғашқы плей-офф раундын бағындыру. Жерлестеріміз чемпионаттың алғашқы ойынын 8-ші қыркүйек күні өз алаңында Череповецтің «Северсталь» клубына қарсы өткізеді.
Кәсіпқой бокстың екі тұжырымы бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин сейсенбі күні Нью-Иоркке ұшып келді. Осында өтетін арнайы баспасөз мәслихатында жерлесімізбен оның қарсыласы Кертис Стивенс арасындағы матч ресми түрде жария етіледі.
Екі боксшы арасындағы титулдық жекпе-жек 2-ші қараша күні Нью-Иорктегі «Мэдисон сквер-гарден» аренасында өтеді. Шаршы алаңда 27 кездесу өткізіп оның бәрінде жеңіске жеткен Геннадий Головкин, 24 матчты нокаутпен аяқтаған. Қазақстандық боксшының чемпионадық белбеуіне көз салып отырған Кертис Стивенстің көрсеткіші де жоғары. Рингке 25 рет көтерілген үміткер тек үш мәрте жеңіліс тапқан. Оның есебіндегі нокауттың саны 18.