СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ - kaz.caravan.kz
  • $ 469.83
  • 536.83
+40 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Көпкүндік супервелодода «Вуэльтаның» 16-кезеңінде жеңімпазды анықтау үшін фотофинишке жүгінуге тура келді. Нәтижесінде 146 шақырымды құраған жарыс жолында француз Уоррен Баргиль топ жарса, онымен үзеңгі қағыса жарысқан колумбиялық Ригоберто Уран екінші орынды місе қалды.

  • 11 Қыркүйек 2013
  • 294
Фото - Caravan.kz

Бұл Уоррен Баргильдің биылғы «Вуэльтадағы» екінші жеңісі. Жеңімпазға 0,03 секунд ұтылған поляк Бартош Хузарски үшінші нәтиже көрсетті. Генералдық тізімді біздің қуанышымызға орай әзірге «Астананың» капитаны Винченцо Нибали бастап тұр. Екінші орынға жайғасқан америкалық велошабандоз Кристофер Хорнер Нибалиден 0,28, ал «Movistar» лидері Алехандро Вальверде 1минут 14 секундқа қалып келеді. Бүгін демалыс алған велошабандоздар ертең ерге қайта қонады.

 

 

«Үлкен Дулығаның» осы маусымдағы соңғы турнирі US open, әлемнің екінші ракеткасы Рафаэль Надальдың жеңісімен аяқталды. Испаниялық майталман мәртебелі жарыстың ақтық сынында планетамыздың үздік теннисшісі Новак Джоковичтен айласын асырып кетті.

Бітіспес қарсыластардың Нью-Иорктегі бәсекесі 3сағат 29 минутқа жалғасты. Бірінші сеттегі жеңіс Надальдың есебіне жазылғанымен, келесі кезеңде сербиялық теннисші үстемдік танытты. Бірақ одан әрі корттағы тартыс бір бағытта өрбіді. Өз ойынын тапқан Надальдың ширақ қимылына төтеп бере алмаған Джокович жиі-жиі қателесе бастады. Нәтижесінде үшінші және төртінші сетті өз пайдасына шешкен пиренейлік шебер ашық чемпионаттың бас жүлдесін қанжығасына байлады. Бүгінгі жеңісті қосқанда Рафаэль Надаль «Үлкен Дулыға» аясындағы жарыстардың 13 дүркін чемпионы атанып отыр.

 


 

Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2014-ші жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында “Астана-Арена” стадионында Швециямен кездеседі. Соңғы матчта Фарер құрамасын 2:1 есебімен жеңген Мирослав Беранек шәкірттері қазір өз тобында 4 ұпаймен 5-ші орында. Бұл жұпта қонақтар айқын фаворит екендігі сөзсіз. Қазақстан мен Швеция арасындағы бәсеке Астана уақытымен 22:00 де басталады.