Мәре алдындағы тура жолда үзеңгі қағысып жарысқан көптің ішінен үздік шыққан Майкл Мэтьюз соңғы 21-ші кезеңнің жеңімпазы атанды. Ал, жалпы есептің қорытындысы бойынша мәртебеіл доданы бірінші орынмен аяқтаған америкалық Крис Хорнер спорттағы ең үлкен табысына қол жеткізді. «Вуэльта» тарихында бұрын -соңды жасы қырықтан асқан велошабандоз жеңіске жетпеген екен. Сондықтан 41 жасар Крис Хорнердің «Вуэльтадағы» ерлігін кіші-гірім сенсацияға теңеуге болады. Бірнеше кезең бойы үстінен лидердің қызыл жейдесі түспеген «Астананың» капитаны Винчецо Нибали екінші орынды місе қылды. Қорытынды үштікті испаниялық Алехандро Вальверде түйіндеді.
Футболдан Қазақстан Премьер-Лигасының орталық матчында қарағандылық “Шахтер” өз алаңында “Ақтөбені” қабылдады.
Еурокубок жолында өнер көрсететін кеншілер бұл кездесуге қосалқы құрам ойыншыларын шығарған. Қос команда үшін де бұл матчтың маңызы зор болды. Десе де биылғы маусымда еуропа лигасының топтық кезеңінен сырт қалған “Ақтөбе” лайықты ойын көрсетті. Үзілістен кейін “Шахтер” қақпашысы Александр Мокин өз орынын Сергей Ткачукке босатса, Джидичтың орнына Каньяс шықты. Алайда алаң иелері 60-шы минутта Сергей Гридиннен көз жазып қалды. Сергей Давыдовтың әуелеп тепкен добын қақпа тоғыздығында дәл бағыттаған Қазақстан құрамасының шабуылшысы бұл кездесудегі жалғыз голдың авторы атанды. Қортынды есеп 1:0 “Ақтөбенің” пайдасында.
Қос алтын, бір күміс және бес қола медаль. Қазақстандық жас боксшылар Киевте жалауын түсірген әлем чемпионатында осыншама жүлдеге ие болды. Бұл сөз жоқ керемет көрсеткіш.
Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды 57 келіде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов салып берді. Жерлесіміз ақтық сында 3:0 есебімен ресейлік Гусейн Магомедовті айқын ұтты. Оның жеңісті жолын 66 келіде атой салған Рахат Маржықбаев жалғастырды. Рахат финалдық кездесуде Әзербайжан құрамасының басты үміті Ровшан Мұсаевтан басым түсті. Бұл жекпе-жектің нәтижесі де 3:0. Үш алтын, бес күміс және қос қола жеңіп алған Ресей командалық бірінші орынды иеленсе, арасынан үш чемпион шыққан Куба екінші, ал Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үшінші орынға тұрақтады.