«ПСЖ»-ға қарсы өткен алғашқы ойында 3-1 есебімен ұтылған Жозе Моуринью командасы Лондонда есе қайтарды. Ойынның 32-минутында «Челсидың» германиялық шабуылшысы Андре Шюррле есеп ашты. Ал екінші таймның 87-минутында Демба Ба жеңісті гол соғып, ағылышындық клубты жартылай финалға алып шықты. Ал бүгін біздің арнадан түнгі сағат 00:45-те «Атлетико» мен «Барселона» арасындағы кездесуді тікелей эфирде тамашалай аласыздар.
Шайбалы хоккейден Көкшетаудың «Арланын » екі рет ұтқан Павлодардың «Ертісі» финалдық серияда алда келеді. Алғашқы бәсеке 2:1 есебімен аяқталса, аса шиеленісті өткен келесі матчта қақпаға түскен голдар саны аз болған жоқ.
Екінші кездесудегі алғашқы шайбаны Мирослав Залешак соқты. Қонақтардың жауабы да көп күттірген жоқ. Тәртіп бұзған «Ертістің» ойыншысы екі минуттық айыбын өтегенше өз мүмкіндігін бос жібермеген «Арлан» таразы басын теңестіріп үлгерді. Көп ұзамай бір ойыншы артықшылығын голға асырған айдын иелері таблодағы есепте қайта алға шықты. Одан әрі алма-кезек шабуылға ұласқан тартысты бәсекеде жергілікті хоккейшілердің мерейі үстем болды. Қорытынды есеп 5:4. Екі клуб арасындағы финалдық серия енді Көкшетауда жалғасады.
«Баск елі турының» екінші кезеңінде әлемнің бес дүркін чемпионы неміс Мартин Тони топ жарды. «Омега Парма – Квик Стиптің» шабандозы 155 шақрымдық жарыс жолын 3сағат 46 минут 17 секундта еңсерді.
Мәреге дара келген Мартин Тони жаңа мауымда осымен екінші рет жеңіске жетіп отыр. Екінші орынды британиялық Бен Свифт иеленсе, бірінші кезеңде үшінші нәтиже көрсеткен поляк Михайл Квятковский тағы да үздік үштікті түйіндеді. Көмбеге алғашқы топпен жеткен «Астананың» шабандозы Максим Иглинский жетінші орыннан табылды. Жалпы есепте әзірге испаниялық Альберто Контадор көш бастап тұр.