Кешегі ауыр жағдайға қарамастан, бүгін мектепте сабақ жалғасып жатыр. Ал бұл көз жұмған 13 жастағы Дәуіржан Оразбайдың үйі. Оның құрдастары мен ағайын туысы бүгін жерлеу рәсіміне көп келді. Марқұмның мінезі ашық, үздік оқушы болыпты. Дәл тарих пәні өтіп жатқанда болған қайғылы оқиғаның нақты себебі әзірше белгісіз. Тек жасөспірімнің неден қаза тапқаны анық.
Біржан Мәжренов, Есіл ауданының прокуроры:
-Оқиға орнына келген жедел жәрдем көлігі өлімнің неден болғанын анықтаған. Алдын ала болжам бойынша баланың денесіне үшкір зат кіріп, содан геморрогиялық шок алған.
Өз сыныптасының кеудесіне қалам сұғып өлтірген Арлан Олжахан қазір үйінде. Өйткені, күдікті әлі 14 жасқа толмаған. Тіпті оның 2007-ші жылдан бері психиатриялық орталықта тіркеуде тұрғаны анықталып отыр. Мектепке келмей-ақ үйінен шықпай білім тиіс оқушының қалайша №52-ші мектептен 2 апта бұрын ғана ашылған білім ордасына ауысып келгені белгісіз. Ал, мектептегі кісі өлімі білім министрлігіндегілерді де аяғынан тік тұрғызды. Шұғыл түрде арнайы комиссия құрылған. №76-шы мектептің директорынан бастап, күдіктінің бұрын оқыған мектебінде сабақ берген ұстазына дейін жауап беріп жатыр.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
— Бұл іс бойынша жан-жақты тексеру жүріп жатыр. Оның қортындысы шықпай ештеңе айтқым келмейді. Ал, марқұм баланың ата-анасына қайғырып көңіл айтамын!
Ал, полиция бұны қасақана емес, абайсызда жасалған қылмыс деп отыр. Өйткені, мектеп жақында ашылғандықтан, оқушылар әр ауданнан жиналыпты. Сондықтан, балалар дың бір-біріне үйренісі алмауы да кесірін тигізсе керек.
—Қаламмен құрдасын мерт қылған 13 жастағы оқушының жүйке жүйесінде ауытқушылығы бола тұра, мектепке қалай қабылдағанын қазір тергеушілер анықтап жатыр. Оның қортындысы бірнеше жауапты шенеунікті қызметінен айыруы мүмкін. Қайғылы оқиға болған 76 мектептің басшылығы мен ұстаздар да жазасыз қалмауы тиіс. Ал дүйім елді дүрліктірген жәйттен соң Елорданың мектептерінде тәрбие сағаттары өткізіліп жатыр.
