Жарияланды: 610

Табиғаттың тосын мінезінен елорданың бірқатар тұрғындары шығынға батты

Астана күнінде жауған жаңбыр мерекелік бағдарламаны түбегейлі өзгертті. Қолайсыз ауа райының салдарынан салтанатты іс-шараларға әдемі нүкте қоюдың сәті түспеді. Әу баста үлкен концерт пен отшашу шілденің 6-на белгіленген болатын. Бірақ басталуына дейін бірнеше минут қана қалған кезде  артистер  жаңбыр астында қалды. Екі жарым мың адамды маңайда орналасқан өнер академиясы құтқарыпты. Кейбіреулері тіпті дәрігерлік көмекті қажет етті. Абырой болғанда   ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда табиғаттың тосын мінезінен елорданың бірқатар тұрғындары шығынға батып отыр.

Биыл Астананың туған күніне орай ауа райы бастапқыда жылы қабақ танытқанымен, ең жауапты сәтте күн кенеттен бұзылды. Қорытынды концертті тамашалауға келген халық табиғаттан мұндай тосын сыйды күткен жоқ. Қатты жаңбыр бастала салысымен жұртшылық жан-жаққа тарай бастады. Нөсер үш сағат бойына толастамады. Концертті бірнеше рет кейінге шегерген ұйымдастырушылар, ақыры мүлдем саханаға шығудың қажеті жоқ деп шешті.

Сергей Микушко, техникалық ұйымдастырушы (Украина):

- Әрине, концерттің  болмағаны өкінішті-ақ...

Гала-концертті өткізу үшін еліміздің бас алаңы қажетті құралдардың барлығымен жабдықталды. Мұнда жарық сәулелерін қолданып, ерекше көріністерді жасау көзделген-ді. Алайда ауа райының қолайсыздығы салдарынан қымбат техника пайдасына жарамады. Іс-шараға ұзақ әзірленген өнерпаздарға да өз аспаптарын жаңбыр суынан дереу құтқаруға тура келді.

Көмекке Өнер академиясы келген. Ғимараттарын су басқанымен, білім ордасының басшылығы  екі жарым мың адамды қабылдады. Малмандай су болғандар арасында кішкентай бүлдіршіндер де баршылық. Біреуіне тіпті жедел дәрігерлік жәрдем қажет болған.

Гүлбаршын Мұқашева, Ұлттық өнер университетінің проректоры:

- Бүкіл   артистер рахметтерін айтып жатыр. Даладан халық «Шабытқа»келіп орналасты. Бәрін машина, автобус алып кетпегенше, соңына дейін жүрдік.

 Бүгін Астанада күн ашылғанымен, мереке жалғаспады. Сахна жиналып, сол бойы қолданылмаған құрал-жабдықтар әкетілуде. Техникаға аса көп зақым келмеген көрінеді. Алайда табиғи құбылыс елорданың тұрғындарын шығынға батырды. Жаңбыр кезінде кәріз жүйесі істен шығып, бірқатар жеке меншік үйлер суға толды.

Қайрат Кәрімов, Астана қаласының тұрғыны:

- Қайдағы мереке? Мерекеміз сумен, тасқынмен болды. Сол - айтатыным. Балаларды түнгі екіде туыстардың үйіне апардық, енді не істейміз?

Бас қалада күні бойы коммуналдық қызмет мамандары жұмыс атқарды. Бірақ дер кезінде келмеді деген арыз-шағымдар да жоқ емес. Осылайша салтанатты күндерден кейін халық қарапайым тұрмыс-тіршіліктеріне қайта кірісуге мәжбүр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін