Таиландтың демалыс аймағы Хуахин қаласындағы шипажайда бейсенбі күні кешкісін қос жарылыс болды, деп жазады Caravan.kz тілшісі euronews.com сайтына сілтеме жасап.
Салдарынан 1 адам қаза тауып, тағы 20-дан астамы жараланған. Жапа шеккендер арасында шетелдік туристер де бар. Зардап шеккендердің қатарында Австрия, Ұлыбритания, Голландия, Германия және Италия елдерінің азаматтары болған.
Алғашқы жарылыс бардың жанында болды. Полицейлер келген кезде жақын маңда тағы бір бомба жарылған. Екі жарылғыш та гүл өсіретін құмыра ішіне жасырылып, телефон арқылы іске қосылған. Шабуылдарды кімдер ұйымдастырғаны әзірге белгісіз. Оқыс оқиғадан кейін шаһардағы барлық ойын-сауық орындары жабылды.
Айта кеткен жөн, Хуахин шипажайы жергілікті тұрғындар ғана емес, шетелдіктер арасында да үлкен танымалдыққа ие. Жарылыс кезінде кісі қарасы қалың болған. Өйткені жұрт жалпыұлттық демалыс саналатын Ана күнін тойлауға жиылған екен.