Сенбі күні кешқұрым тәртіпсіздік орын алған Алматыдағы «Прайм Плаза» сауда ойын-сауық орталығы басшылары концерт кезінде қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмады және сол үшін жазалануы тиіс. Алматы әкімі Ахметжан Есімов осылай деп мәлімдеді.
«Время» басылымы сайтының хабарлауынша, «Бұл туралы бірдеңе деуге әлі ерте. (…) Бұл шараны сауда үйі басшылары рұқсатсыз өткізген. Ешқандай рұқсат алмағандықтан олар жазаланады. Келісім болмаған соң өздері тәртіп орнатуы тиіс болатын, бірақ олай болмады», — деді әкім.
«Шара дұрыс ұйымдастырылмаған көрінеді. Ешқандай дайындық жоқ. Арықта жатқан тастарды алып, билбордты сындырған. Мұны біреулер әдейі жасады деуге әлі ерте, мән-жайды анықтаймыз», — деп қосты А.Есімов.
Бұрын хабарланғандай, сенбі күні «Прайм Плаза» аумағында әнші Қайрат Нұртастың концерті өтіп жатқанда жаппай тәртіпсіздік болған-ды. Келушілер алдымен сахнаға, содан соң бір-біріне тас лақтырған. Салдарынан сауда үйі мен бірнеше автокөлік зақымданды. Бүлікте белсенділік танытқандар қамауға алынды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.