«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы заңсыз қарулы құрылымдар жағында әскери қимылдарға қатысқан Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының 12 тұрғынын Қазақстан азаматтығынан айыруды рәсімдеді»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Арнаулы қызметтің хабарламасынан белгілі болғанындай, 1995 — 1999 жылдар аралығында әртүрлі ұлттан тұратын шамамен 40-тай Қазақстан азаматтары оңтүстік шығыс Түркияның, Сирияның, Иран мен Ирактың таулы аймақтарына барған.
«Олардың бір бөлігі қарулы жолдармен тәуелсіз күрд мемлекетін құруды көздейтін «Күрдістан халық конгресі» (Конгра-гел) деп аталатын танымал террористік ұйым эмиссарларының насихатына берілген, бірқатары бас пайдаларын ойлап жалдамалылар қатарына енген»,- деп хабарлайды мекеме.
Аталған адамдардың алтауы қаза тапқан. Қазақстанның 21 азаматы әртүрлі жолдармен елге қайтып оралған.
«Заңсыз іс-әректтерден өз еріктерімен бас тартқандықтары үшін олар қылмыстық жазаға тартудан босатылды»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Алайда, бірқатар репатрианттар құзырлы органдарға хабарласып, отандастарына «Конгра-гелді» қолдауды тоқтату керектігін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы айтуға мүмкіндік беруді өтінді.
Арнаулы мекеменің еске салып өткеніндей, 2004 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты «Күрдістан халық конгресін» террористік ұйым ретінде танып, республика аумағында оның іс-әрекетіне тыйым салды.