Қарағанды облысының Экономикалық және жемқорлық қылмысқа қарсы күрес департаменті Теміртау полициясы қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғады.
Қаржы полициясының хабарлауынша, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімі қызметкерлері жергілікті тұрғыннан 200 мың теңге талап еткен.
«Зардап шегушінің айтуынша, полицейлер оны «200 мың теңге әкеліп бермесең үстіңнен қылмыстық іс қозғаймыз, қалтаңа есірткі салып жібереміз» деп қорқытқан көрінеді. Теміртаулық азамат бір іске куәгер ретінде қатысқалы бері полиция қызметкерлерінің «жіті назарына» іліккенін айтыпты», — делінген хабарламада.
Қазір полицейлердің үшеуі де қызметтен босатылып, ешқайда кетпеу туралы қолхат берді.