Жарияланды: 530

Теміржол транспорты саласындағы бәсекелестікті дамытуға қажетті құқықтық-нормативтік базаны 2003-жылдың қарашасына дейін қалыптастыру керек

Теміржол транспорты саласындағы бәсекелестікті дамытуға қажетті барлық құқықтық-нормативтік базаны 2003-жылдың қарашасына дейін қалыптастыру керек. Бұл туралы бүгін, 8-шілдеде Астанада өткен үкімет отырысында ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.

Үкімет басшысының пайымдауынша, жолаушы тасымалын дербес атқаруға қажетті барлық жағдайларды жасау қажет. "Мүмкін алдағы жыл - талдау және бақылауға арналуы әбден ықтимал, бірақ 2005-жылы дегенде жолаушы тасымалы толық ірге ажыратып, дербестік алуға тиіс. Алайда бұл тұрғыда бюджетке бір тиын да ауыртпалық түсіруге болмайды, бұл туралы тіпті сөз қоғалуы тиіс емес",- деді Д.Ахметов. Үкімет басшысының пайымдауынша, 2004-жылдың басынан бастап бәсекелі секторға жататын теміржол көлігі субьектілерін жекешелендіру , сондай-ақ, тәуелсіз тасымалдаушылар рыногі тиімді жұмыс істеуі үшін тозығы жеткен вагондар паркін сату керек. Бұл мақсатты биылғы жылға сыйғызып жарым-жартылай болса да жүзеге асыру дұрыс дей келіп Даниал Ахметов көлік және коммуникация министрлігінің жүйесінде сондай жұмыстарды ұйымдастыратын теміржол транспорты комитетін осы айдың ішінде құруды ұсынды. "Бұл - биылғы мақсат, ал келер жылы жолаушы тасымалы саласына талдау жасалып, ұлттық тасымалдаушы мен жеке меншік тасымалдаушылар арасындағы қарым-қатынас қалпына келтіріледі",- деді Д.Ахметов. "Тұтастай алғанда теміржол транспорты саласын қайта құру бағдарламасына сәйкес тасымал және оны қамтамасыз ету саласында бәсекелестікті дамыту мақсаты алдымызда тұр",- деді ол. Үкімет басшысының айтуынша, жолаушы тасымалын жүк тасымалынан бөліп, жүк тасымалымен дербес айналысатын ұлттық тасымалдаушы компания құру керек. Ол ұлттық оператор міндетін атқарып, магистральдық темір жол желісін пайдалануы тиіс, сонымен бір уақытта бірқатар тәуелсіз тасымалдаушы компаниялар құру қажет деді үкімет басшысы өз сөзінде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть