Жарияланды: 4400

Тілашар тойы

Тілашар тойы

Тілашар тойына арналған бата және құттықтау-тілектер:

Шаттыққа толы болсын келер күндер,

Нұры ғой көзіміздің көгершіндер.

Аман қыл құртақандай құлындарды,

Аруақтар, желеп-жебеп жүресіңдер?!

 

Адамдар артқан екен ұрпаққа үміт,

Солардың арқасы ғой, тұрсақ күліп.

Еңбектеп, Тәй-тәй басып, Мектеп барып,

Сұңқардай Шыңға қонар шырқап шығып.

 

Желкілдеп жігіт болды тайға мінер,

Күй болып шалқы көңіл, қайна жігер.

Алдынан арайланып бақыт таңы,

Азамат болсын аузын айға білер.

 

Көргендер бақытты ғой немересін!

Көгерсең немереңнен көгересің...

Ертең-ақ мақтанышқа айналады,

Ат ерттейтін Азамат деген есім.

 

Ұрпақпен ұласады мұрат арман,

Бәйтерек бой көтерер құба талдан.

Тойлаңдар,

Қуаныңдар, ағайындар,

Шалқып қайт, шаттық тойы - Тілашардан!

***************************************************

Өмірдің жолы күрделі, әрі бұралаң,

Жаратушымыз оны ақ-қарадан құраған.

Қарасына пенде қамығып, кейде қан жылап,

Тағдыр талқысына еріксіз көніп шыдаған.

 

Сондайсыз сіз де, қайғы да өткен басынан,

Мұхитың өтті, жұлдыздай ағып тосыннан.

Орнында қалған тұяғы-жалғыз немере,

Батырды көрсем Мұхитым ба деп қуанам.

 

Батырың енді көзіңнің ағы-қарасы,

Кішкене ғана ата-апасының баласы.

Мектепке бармақ, ордасына еніп білімнің,

Өсіріп, баптап ақылы мен санасын.

 

Кешегі қайғы бүгінгі осы қуаныш,

Көңілді демеу, жүрекке медеу жұбаныш.

Өткенді бүркеп, келешектен үміт қып,

Тілашар тойға келдік біз де қуанып.

 

Батырың болсын оқушы үздік, бақытты,

Саналы болсын бағалар мына уақытты.

Таудай талап, бармақтай бақ тілейміз,

Азаматы болсын еліміздің бай-қуатты!!!

                                                                                                                                             Автор: Айгуль Нургалиева

**********************************************

Таудай болсын арқалаған талабың,

Сезін өмір құпиясын, ғажабын!

Айнұрдайын періштеге тілек сол -

Құтты болсын, мектеп аттар қадамың!

 

                           

Тілашар туралы мағлұмат:

Қазақ халқы әр күнін думанға айналдыра білген. Ұлы дала төскейін жайлаған жұрт жерінің кеңдігіндей көңілдерінің де тар еместігін тойларының көп екендігінен аңғаруға болады. Дегенмен, «той десе қу бас домалайды» дейтін ата-бабаларымыз той-думанды салт-дәстүр, жөн-жоралғысын келістіріп жасаған. Ұлын үйлендіріп отау еткенін, қызын ұзатып өрісін ұзартқанын ат шаптырым етіп мән берумен мағыналы өткізсе, одан өзге тойларды да атаусыз қалдыруды жөн деп таппаған. Сәби дүниеге келгеннен бастап әрбір қадамына арналған шашуды тоймен көмкере білгені жарасымды әрине. Бұл жоралғылар шашылудың жөні осы екен деп емес, «адамның адам боп кетуі қиын» екенін жақсы білгендіктен жасалып отырғаны белгілі. Ал салтты бауыр етінің болашақ өміріне байланыстырып ұйымдастыра білгенін көзіміз көріп жүр. Біздің халықтың өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігі – титімдей қуанышын жұртқа айтып, көпшілікпен бірге тойлап, қызығын жария етіп, жар салатындығында. Кез келген қуанышын ағайын-туғанмен бөлісетін қазақтың тағы бір тойы – «Тілашар». Ата-бабамыздың сәбиінің жан-жақты боп өсуіне үлкен мән берген. Тілашар тойы арқылы баланың білімге деген ынтасын, қызығушылығын арттыруды мақсат еткен, инемен құдық қазатындай жасқа жеткенін санасына сіңіру.

Бала – біздің өміріміздің жалғасы, ұрпағымызды жалғастырушы. Болашақтың иесі. Адам баласының өсіп-өнетін, тәлім-тәрбие алатын бастауы отбасынан басталса, келешек ғұмыры үшін біліммен сусындату әр ата-ана парызы. Осы міндеттерін орындау үшін баласы 6-7 жасқа толғанда мектепке беруге асығады.

Тілашар тойы жайлы айтпас бұрын Кеңес үкіметі кезінде «Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың 98 пайызы – сауатсыз, қараңғы болған. Тек төңкерістен соң көзі ашылып, әріп таныды» деп көпе-көрнеу бүкіл халықты кемсіту үдерісі үзбей жүріп тұрғанын айтпасқа болмас. Бұл дегенің қазақ халқының қомақты бөлігінің мұсылманша сауаты болғанын, араб әрпімен оқып-жаза алатынын көрер көзге ілмеу еді. Егер осылай болған болса көнеден тамыры үзілмей келе жатқан «Тілашар» тойы қайдан шыққан? Дәстүр баланың ұстаз алдын алғаш көруіне арналып жасалатын бата-ниет, ізгі тілек болса, ол қожа ма, молда ма, мұғалім бе мейлі. Ертеде өріс-өріс, отар-отар етіп мал айдаған қазақтың байлары балаларын ауылдан ұзақ Бұхара, Самарқанд, Қазан, Түркістан, Орынбор секілді қалалардағы медреселерге оқуға жіберген. Ал ауқаттылар қоңыртөбел ауылдастарының балалары үшін ауыл ішінде қожа-молда ұстаған. Сондықтан бұл дәстүр кейінгі жылдары пайда болды, яғни еліміз оқу-білімге мән бере бастаған уақыттан бастау алды деуге негіз жоқ.

Дәстүрдің орындалуына келсек, бала мектеп жасына толған кезде, әке-шешесі немесе атасы не әжесі оқуға апаруға дайындайды. Оны жуындырып, тырнақ-шашын алып, әркім жағдайына қарай балаға жаңа киім кигізеді, оқуға қажетті құрал-жабдықтарын алып береді. Шамасы жетпеген отбасылар қолдағы барымен дастарқан жасап, үлкендерден бата алса, жағдайы келетін ата-ана мал сойып мектепке бару, яғни тілашар тойын жасайды. Тойға арнап шашу шашылады. Бұл бала өміріндегі есте қалар оқиға, елеулі кезең болып табылады. Жиналған қауым балаға «азамат бол», «ғалым бол» деген сияқты бата-тілектерін білдіріп, баталарын береді. Үлкен-кішінің тілектерінен бала өскендігін сезінеді. Тойда баланың жаңа киіміне байғазы беріп, тағамдар ұсынады. Бұдан баланың оқуға ынтасы артып, құмарлығы, қызығушылығы оянады, мектепке баруға асығады. Тілашар тойында осылайша мектепке жиналған баланың ата-анасына құтты болсын айтылып, балаға сәт-сапар тілейді.

«Ашылсын тілің, қарағым.

Оқу сіңіп санаңа,

Жарқырай берсін қабағың.

Мақтанышы бола біл.

Ата менен анаңның!» – деген секілді тілегі тұнық, ақ ниеттен шыққан батаны естіген баланың оқуға талпынары анық.

Бұрындары баласын молдаға берген әке-шеше «Молдеке, сүйегі менікі, еті сенікі, осы балаға қара танытып, тілін ашып беріңіз» деп тапсырған. Әрине бүгінгі мен бұрынғының сауат ашу бағытын да, ұстаздарын да салыстыруға келмейді. Қазірде еліміз бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойып отыр, ол үшін ұрпақтың білімді болуы парыз. Яғни «білімдінің күні жарық, білімсіздің күні қаріп» екенін нағыз сезінетін кезең туды. Айта берсек, мұсылманша әріп танып, оқу-жазуға көзі қарақты болған аталарымыздан небір ғұламалар шыққаны бізге белгілі. Ал біліммен сусындауға ешбір кедергі жоқ, керісінше айқын жол ашылып тұрған бүгінгі заманда «Тілашар» тойымыз көп бола берсін!

************************** 

Тілашарға бата:

Бисмиллаһи!
Рахмани рахим!
Болмай надан,
Оқы, балам!
Құтты болсын
Білім - қадам.
Отан - анаң
Аялаған!
Ұстаз - данаң
Болсын аман.
Сақтап Аллам,
Бақ тап алдан.
Әумин!

***********************

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін