Басы дауға қалған белгілі әнші Төреғали Төреәлінің бұрынғы музыкалық продюсері Жан Мұқанов не үшін онымен жұмыс істеуден бас тартқанын айтты. Продюсер ол туралы Telegram желісіне жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.
Жан Мұқанов Төреғалимен 2015 жылы танысқанын және оның жеке концертін ұйымдастыру туралы ұсыныс алғанын айтады. Алғашқы жеке концерті сәтті өткен соң ары қарай көптеген ән кештері мен мегажобалар ұйымдастырылғанын, бұған қоса әншінің имиджі бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтады. Айналдырған екі жыл ішінде ол белгісіз әншіден танымал әртіске айналды. Ал қаламақысы 200-500 доллардан бір жыл ішінде 8000 долларға көтерілді, дейді продюсер.
Жас жігіт жұлдызға айналды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесін тіпті Instagram желісіндегі жазылушылар санынан да байқауға болатын еді. Аз уақытта 2 миллион адамға жетті. Бұған қоса соңғы өткізілген 5 концертке көп ақша жұмсалды. Қаржыны өз қалтамнан шығардым. Ол шындық. Бұл үлкен сома. Мен өз шығынымды қайтару үшін одан кейін тағы 10-15 концерт өткізіп, түскен ақшаны беруді өтіндім. Бірақ, ол «бұл сенің проблемаң, егер билет сатылмаса нашар жұмыс істегенің» деді. Мұндай сөзді естімеген едім.
Үйлену тойын өткізу туралы да ұсыныс айтқан мен едім. Басында келісім бойынша декорация мен жарыққа, музыка мен шақыру билетке, киімге жауап беру керек болатынмын. Ақымақ басым, мен тіпті неке жүзігінен бастап, смокингіне дейін алып беріппін. Қазір сол кезде қалай алданғаныма таң қаламын дейді Жан Мұқанов.
Еске салсақ, былтыр Жан Мұқанов аталған концерттен соң ренжіп кетіп қалған болатын. Ал былтыр Төреғали Павлодарда өткен концерт кезінде әлдебір қарияны концерттен қуып жіберді.