Қорғалжын селосындағы №5 агротехникалық колледж директорының орынбасары ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Еске сала кетсек, маусымның 10-ы күні 12:20 минут шамасында Қорғалжын селосындағы №5 агротехникалық колледждің 1 курс студенттері (1999 жылғы А. Амангелді, 1997 жылғы И.Жұмамұрат, 1998 жылғы В.Новицкий және 1999 жылғы А.Құндақбаев) аталған білім ордасының маңында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезінде абайсызда дөңгелекті темір баспалдақпен 380 вольтті электр сымын іліп кеткен. Осының салдарынан тоқ соғып, студенттердің төртеуі де сол жерде жантәсілім етті.
Қазіргі кезде аталған білім ордасы директорының орынбасары ұсталып, ҚР ҚК 156-бабының 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынып, бірқатар сараптама жұмыстары тағайындалды.