«Бүгінде зардап шеккендердің денсаулық ахуалы тұрақтанды, науқастардың бәрі де ауруханадан шығарылуға тиіс, алдағы бір-екі күнде олар жұмысқа кіріседі»,- деді А.Дерновой.
Министр осы орайда «Атырауда болған оқыс оқиға салдарынан Түркияның «Гате Иншаат» АҚ құрылыс компаниясының 497 жұмысшысы сальмонеллез жұқтырғанын, олардың бәрі де 27-сәуірде зауыт асханасында тамақтанғанын» еске сала кетті.
«Аурудың таралу себептеріне келсек, осынау түрік компаниясының тамақ жасайтын бөлімінде жұмыс істейтіндердің арасында сальмонеллез дертінің қоздырғышын таратушы болған, ол азық-түлік өнімдерімен тікелей жұмыс істеуге байланысты тамақты пісіру мен тарату барысында індеттің жаппай жұғуына себепкер болған»,- деді министр. «Зертханалық мәліметтерге негізделген алдын-ала тексеру қорытындысы көрсеткендей, жұқпалы дерттің таралу көзі — асхана мен кухня қызметкерлері болғаны дәлелденді», деді ол.
А.Дерновойдың айтуынша, «жұқпалы дерт белең алған алғашқы тәулікте денсаулық сақтау министрлігі мен республикалық санитарлық-эпидемилогиялық станциядан құрылған арнаулы комиссия тексерулерге аттанған». «Қазір тексерулер жалғасып жатыр. Біз осындай ауқымды ұжымдарда санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау шараларының талабы сақталуына қойылатын бақылауды күшейтуге қадамдар жасап жатырмыз»,- деді министр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті