Түрік ПА алдағы жоспарлары туралы сөз болды - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Түрік ПА алдағы жоспарлары туралы сөз болды

Түрік ПА алдағы жоспарлары туралы сөз болды

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік ассамблеясының іс басындағы төрағасы Орал Мұхамеджанов бүгін аталған ұйымның Бас хатшысы Рамил Ғасановты қабылдады.

  • 27 Маусым 2011
  • 570
Фото - Caravan.kz

Бас хатшы кездесуде үстіміздегі жылғы 12 маусымда Түркия Республикасыдағы парламенттік сайлаудың дайындығы мен өту барысы бойынша Түрк ПА байқаушыларының есебін табыс етті. Осы құрамның ішінде Қазақстан тарабынан Мәжіліс депутаты Ұзаққали Елеубаев қатысты.

Орал Мұхамеджанов Түрк ПА Хатшылығының қызметімен де танысты.

Кездесу қорытындысында Түрк ПА Төрағасы Бас хатшыға аталған ұйымның, Түрк ПА-ның Астанада өткен екінші отырысында шығарылған шешімге сәйкес құрылған тұрақты комиссия қызметінің жұмыс жоспары жобасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар Түрк ПА Хатшылығының құрылымы туралы жобаны табыс етуді сұрады.

Бүгінгі таңда Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы Ислам Конференциясы Ұйымының (ИКҰ) Парламенттік одағында және өз кезегінде ИКҰ Түрк ПА-да бақылаушы мәртебесіне ие болды. Түрк ПА өкілдері шілде айының басында Белград қаласында өтетін ЕҚЫҰ ПА сессиясына шақырылып отыр. Басқа да халықаралық парламенттік ұйымдармен өзара ынтымақтастық байланыстар орнатылуда.

Түрк ПА Бас хатшысы Астанаға ҚР Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша, ИКҰ-ға енген елдердің Сыртқы істер министрлерінің 38-ші сессиясының жұмысына қатысу үшін келген болатын.

Айта кету керек, қазіргі таңда Түрк ПА құрамына Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Қырғыз елдері кіреді.

2006 жылы 17 қарашада Анталья қаласында өткен түркі тілді мемлекеттер басшыларының 8-ші Саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы идеясын ұсынды.

2008 жылы 21-22 қарашада Стамбул қаласында Түркітілдес мемлекеттер Парламенттері жетекшілерінің бірінші конференциясы өтті. Осы жиынның соңында Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын (Түрк ПА) құру туралы келісімге қол қойылды.

2011 жылы сәуір айының соңында Түрік ПА-ның Астанада өткен екінші отырысы аясында Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік ассамблеясының төрағалық міндеті Әзірбайжан Республикасынан Қазақстан Республикасына табыс етілді.

Астанада өткен екінші отырыстың қорытынды құжаты — Түрк ПА-ның Астана декларациясы бірауыздан қабылданды.

2009 жылы 27-29 қыркүйек күндері Баку қаласында Түрік ПА-ның алғашқы отырысы өтті. Ал 1920 жылы қыркүйекте Шығыс халықтарының бірінші съезі болды.

Түркі тілдес елдердің Парламенттік ассамблеясы шеңберіндегі ынтымақтастық мемлекеттеріміздің саяси, экономикалық, мәдени және өзге де салалардағы өзара қарым-қатынастарын тереңдету, халықтарымызды одан әрі жақындастыра түсу ісіндегі маңызды құрал болып табылады.

Түрік ПА мемлекеттер арасындағы саяси диалогты парламентаралық ынтымақтастықтың сапалық тұрғыдан жаңа бір сатысы — парламенттік дипломатияның көмегі арқылы одан әрі дамытуға жәрдемдесуді көздеп отыр және өңірімізді қауіпсіз әрі гүлденген аймаққа айналдыру мақсатындағы әртүрлі бастамаларды әзірлеп, іске асыру үшін қолайлы саяси кеңістік құрады.

Соңғы жаңалықтар