Жарияланды: 110

ҰБТ-2018: Талапкер мен ата-ана білуі тиіс ең басты бес жаңалық

ҰБТ-2018: Талапкер мен ата-ана білуі тиіс ең басты бес жаңалық

Үш күннен соң Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Мектеп бітірген 146 мың баланың 100 мыңнан астамы осы сынақты тапсырып, ЖОО гранттарына таласады.

Биыл 20 маусымда басталатын Ұлттық бірыңғай тестілеу айқай-шусыз өтіп көрмеген.  Былтыр "Алтын белгі" иелерін жарылқаймыз деген Білім министрлігі, тіпті, грантты екінші рет таратып, даудан әрең құтылған еді. 

Sputnik тілшісімен әңгімелескен білім саласының белсендісі, филология ғылымдарының кандидаты, "Зерттеуші" Республикалық ғылыми-білім беру орталығы"мекемесінің директоры Мырзантай Жақып ата-аналар мен талапкерлерге аз балман грантқа түсудің амалдарын айтып, ҰБТ-ның биылғы бес жаңалығымен бөлісті. 

Ең басты бес өзгеріс 

"Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеу және мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде біраз өрескел кемшілік жіберіп алғаны ешкімге де құпия емес", — дейді Мырзантай Жақып. 

Еске, әрине, былтырғы "Алтын белгі" иелерінің ҰБТ-дан төмен балл алса да, грант алып кеткен кезі еске түсті.  Соның нәтижесі болу керек. Үкімет пен салалық министрлік "Талапкер-2018" науқаны қарсаңында ертерек қамданғаны байқалып, кейбір өзгерістерді де ертерек қабылдады. 

"Біріншіден, "Ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің бейіндік пәндері көрсетілген мамандықтар тізбесі және кешенді тестілеудің жалпы бейіндік пәндері көрсетілген мамандықтар тізбесіне" өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұған дейін "жастарға ағылшын тілін оқытамыз" деген себеппен шет тілін қисынға келсе де, келмесе де, көптеген мамандыққа бейіндік пән ретінде қосып тастаса, енді ол ең қажеттеріне ғана қалдырылды.

Екіншіден, "Ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу қағидаларына" тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес енді талапкерлерге ҰБТ немесе КТ нәтижелері туралы сертификаттармен бірге мамандықтар тізбесі, ағымдағы жылы бөлінген білім беру гранттарының саны және өткен жылғы білім беру гранттарын тағайындау конкурсының нәтижелері туралы ақпаратты қамтитын арнайы ақпараттық парақтар қоса беріледі. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына оқуға түсуші талапкерлерге таңдаған жоғары білім мамандықтары мәселелері бойынша консультация беру, тестілеу рәсімімен таныстыру секілді міндеттер жүктелді.

Үшіншіден, 2018-2019 оқу жылына арналған мамандықтар бөлінісіндегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы биыл бұрынғы жылдарға қарағанда ертерек жарияланды. Бұған дейін қандай мамандыққа қанша мемлекеттік білім гранты бөлінгені жөніндегі толық мәлімет талапкерлер ҰБТ мен кешенді тестілеу сынағынан өтіп, конкурсқа құжат тапсыратын кезде ғана белгілі болушы еді. Ал биыл бұл ақпарат мамыр айының ішінде ресми түрде жарық көрді.

Төртіншіден, үкіметіміздің арнайы қаулысына сәйкес "Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына" біраз өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Мысалы, "5В010300 – Педагогика және психология" және "5В021100 – Теология"" мамандықтары шығармашылық емтихан тапсыру талап етілетін мамандықтар бөліміне қосылды.

Бесіншіден, "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі ҚР заңының 26-бабындағы 5-тармаққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді "Алтын белгі" иегерлеріне, колледжден кейін бір жыл жұмыс істеген талапкерлер мен халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарына бiлiм беру гранттарын алуға конкурс кезiнде басқа түлектермен балы тең болған жағдайда ғана артықшылық беріледі".

Тест ата-ана мен оқушының есіне түстен кейін түседі

Ұлттық бірыңғай тесте ауыл балаларының білімі ақсап тұратынын анық байқауға болады. Ауыл балалары үшін оқуға түсер кезде 30 пайыздық квота беру арқылы Білім министрлігі де ауыл мен қала білімі тең емес екенін мойындап тұрған сияқты. Талапкерлер мен ата-аналарына тестке қатысты бағыт-бағдар беріп келе жатқан "Зерттеуші" орталығының директоры ретінде Мырзантай Жақып ҰБТ-ға екі-үш жыл бұрын қамдану керек дейді.

"Өкінішті жағдайдың бірі – ауылда тұратын қарапайым ата-аналардың көпшілігінің есіне ҰБТ ұл-қыздары мектеп бітірейін деп жатқан кезде ғана түседі. Ауыл мектептерінің білім беру сапасы да көңіл көншіте қоймайды. Сол секілді ата-аналардың басым көпшілігі барлық жауапкершілікті мектеп мұғалімдерінің мойнына артып қойып, оқушыларды да солар оқытып берсе, университетке де солар түсіріп берсе деп, мемлекеттің көмек беруін талап етіп, ал өздері қол қусырып қарап отырғысы келеді. 

Қалай да мемлекеттік білім грантына қол жеткізсем деп армандайтын ауыл баласы ҰБТ-ға дайындықты ертерек, 9-10 сыныптардан бастауы керек. Мектептегі мұғалімдеріне ғана сеніп жүре бермей, қосымша курстарға барып, өз бетінше көбірек ізденіп, өзінің таңдаған мамандықтарына орай міндетті және бейіндік пәндерді тереңірек оқып, байыпты білім алуы қажет.

Ал тікелей ҰБТ тапсыру кезінде бөлінген уақытты тиімді пайдаланып, алдымен өзі өте жақсы білетін, дұрыс екеніне көзі жетіп тұрған сұрақтардың жауаптарын ең алдымен белгілеп, қиын сауалдарға содан кейін кіріскені дұрыс.

Ал, ең бастысы, конкурсқа құжат тапсыратын кезде қандай мамандыққа және қай жоғары оқу орнына қанша орын берілгенін анықтап, бұрынғы жылдардағы көрсеткіштермен мұқият танысып, алдын-ала сарапқа салып алса, құба-құп. Грант көп бөлінген, орташа балмен түсіп кетуге болатын инженерлік, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарын таңдауға кеңес берер едім", — дейді маман. 

Естеріңізге сала кетейік, президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа үндеуін жариялады. Осы үндеуде атап көрсетілгеніндей, жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлініп отыр. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі.

Сағадиев Үкіметтік емес ұйымдарға неге салқын қабақ танытып жүр?

Мырзантай Жақып басқаратын "Зерттеуші" мекемесі жоғары білім алғысы келетін жастарға бағыт-бағдар беретін  коммерциялық емес орталық. Оның айтуынша, оқу орны білім министрлігімен тығыз жұмыс істегісі келгенмен, министр Ерлан Сағадиевтен бастап, ведомстводағы шенеуніктер аса ынталы емес көрінеді. 

"Біздің орталықтың кiрiс түсiру негiзгi мақсаты емес және алынған таза кiрiстi қатысушылар арасында бөлмейді. Коммерциялық емес ғылыми-зерттеу, ғылыми-білім беру, оқыту-кеңес беру, заңдық және құқықтық кеңес беру, редакциялық-баспа ұйымы ретінде осыған дейін мемлекеттік органдардан бір тиын да көмек алған емеспіз. Білім және ғылым министрлігімен тығыз ынтымақтастықта болғымыз келеді. Алайда министр Ерлан Сағадиев білім және ғылым саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға салқын қабақ танытып келе жатқанын ашық айтқым келеді. Аталған министрліктің ҮЕҰ-мен өткізілген жиын-жиналыстарына қатысу үшін Ерлан Сағадиевтің атына бірнеше рет хат жаздық. Білім және ғылым министрлігінің басшылары бізден ат-тонын ала қашатын секілді болып көрінеді", — дейді Мырзантай Жақып. 

Тағы да ҰБТ туралы…

Биыл үкімет "Талапкер-2018" науқанының қарсаңында өткен жылы ерекше дау туғызған біраз мәселе бойынша тиісті ресми құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп үлгерген. Мұның барлығы ҰБТ мен кешенді тестілеу кезінде пайда болуы мүмкін әртүрлі түсініспеушіліктің алдын алуға бағытталған.

"Бұл жүйені қорқынышқа айналдырып жіберетін басты себептердің бірі – білім саласына қатысты қажетті және маңызды ақпараттардың қарапайым халыққа толық және жүйелі жеткізілмеуі. Талапкерлер арасында ҰБТ және кешенді тестілеу бойынша ережелер мен құжаттарды түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттау іс-шараларын дер кезінде және сапалы ұйымдастырып, жүзеге асыруға тиіспіз. Сонда білім шыңына ұмтылған жас түлектер мен ата-аналар арасындағы әртүрлі дау-дамай да азаяр еді", — деп ойын түйіндеді Мырзантай Жақып. 

Анықтама: Талапкерлердің ҰБТ-ға қатысуға жыл сайын ҰБТ өткізу пункттерінде 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында, ал кешенді тестілеуге (КТ) желілік ЖОО-лардың қабылдау комиссияларында 1-20 маусым аралығында өтініш қалдыра алады. ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде, ал КТ 14-18 шілдеде өткізіледі. 

Оқи отырыңыз:

Шымкентте Орта Азиядағы ең үлкен су қалашығы ашылды

Жұлдызнама — 18-24 маусым

Қазақстанда үй сату мен сатып алу жиілей бастады

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть