Үкімет жеке баспаналарды жаппай сақтандыруды міндеттемек - kaz.caravan.kz
  • $ 472.34
  • 541.25
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үкімет жеке баспаналарды жаппай сақтандыруды міндеттемек

Үкімет жеке баспаналарды жаппай сақтандыруды міндеттемек

Өз үйіңді өзің сақта! Елімізде жеке баспаналарды жаппай сақтандыруға міндеттейтін заң дайындалып жатыр. Жаңа құжат бойынша, тұрғындар жыл сайын пәтердің жалпы құнының шамамен бір пайызын мемлекетке төлеуі тиіс. Азаматтардан жиналған қаржы табиғи немесе тұрмыстық апат бола қалған жағдайда қирап қалған пәтерлерінің шығынын өтеуге жұмсалмақ. Атқамінерлер осылайша жеке мүлік қауіпсіздігін арттырып, сақтандыру нарығын дамытамыз деп сендіреді. Алайда, бір жалақыға күні қараған тұрғындар шенеуніктердің кезкті қаржы жинау науқанына қатысуға қауқарсызбыз деп отыр.

  • 2 Қазан 2013
  • 241
Фото - Caravan.kz

Жылжымайтын мүлікті міндетті түрде сақтандыру Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің ұсынысы. Шенеунік соңғы екі жылда елімізде су тасқыны, қар көшкіні мен дауыл жиілеп кеткен соң осындай шешімге келіпті. Өйткені табиғи апат салдарынан қирап қалған елді-мекендерді қалпына келтіруге жұмсалған қаржы бюджеттің бүйірін тесіп барады екен. 

Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі:

— Біз жылжымайтын мүлікті сақтандыру жүйесіне де әйтеуір жеттік. Бұл табиғи апат бола қалған жағдайда шығынды қалпына келтірудің ең тиімді жолы болса да біздің елімізде бұл мәселе үнемі назардан тыс қалып келді. Қазір заң жобасын жан-жақты талқылап, шешім қабылдауға дайындалып жатырмыз. 

Неге екені белгісіз, мемлекет пәтердің жалпы көлемінің тек 35 шаршы метрін ғана сақтандырмақ. Мәселен мына үйдің аумағы 56 шаршы метр шығады. Яғни, егер төтенше жағдай бола қалса, үкімет бұл баспананың бір бөлігін ғана қалпына келтіруге қатысады деген сөз. Алайда, 30 мың теңге зейнетақыға күні қараған Раушан апай шенеуніктердің кезекті уәдесіне сенсек, бала-шағамыздың аузынан жырып жинап берген қаржымыз далаға кете ме деп күмәнданады. 

Раушан Шахманова, зейнеткер:

— Кейде сақтандырудың өзінен қорқасың, алған 30 мың теңгемнің 5 мыңын сақтандыруға берсек, ол ертең тиынболып қалса не істейміз?

Айта кету керек, мемлекет кез-келген мүлікті сақтандырмайды. Мәселен, шенеуніктер құлаудың шақ алдында тұрған мынадай ескі үйлерге жауап беруден аулақпыз деп  әзірден бастарын ала қашуда. Ал апат келсе,  ең алдымен шаңырғы ортасына опырылып түсетін дәл осы баспаналар. Соған қарағанда бұл үкіметтегілердің жаңа реформа алдындағы халыққа жүргізілетін тәжірибенің бірі болуы мүмкін дейді мамандар.


Сергей Смирнов, экономист:

—  Жұрттың есінен бұған дейінгі жаппай медициналық сақтандыру шыға қойған жоқ. Ол қордың құрдымға кеткеніне бәріміз куә болдық. Бар қаржы шетелге асып, жауап беретін адам таппай қалғанбыз. Мүлікті сақтандырдың да құрдымға кетпейтініне кім кепіл?

Жылжымайтын мүлікті жаппай сақтандыру үшін арнайы мемлекеттік қор құрылады екен. Тәуекелді де осы ұйым өз мойнына алмақ және оның нарықта бәсекелесі болмайды.  Өйткені  еліміздегі жеке сақтандыру компаниялар бұл саладан шеттетіліп отыр.

Ал сақтандырудың бағасы шамамен мүлік құнының 1 пайызын құрайды деген болжам бар. Сондай-ақ төлем баспананың орналасқан аймағы мен жағдайына да байланысты белгіленеді. Мәселен, Алматы мен Астанада 60 мың доллар тұратын үйіңіз болса, мемлекеттік сақтандыру қорына жылына 90 мың теңге төлеуге тиістісіз.