Жарияланды: 470

Украина әйелдері 2012 жылғы Еуропа чемпионатына қарсы

Қазақстандық клубтар еуро кубок жолындағы кездесулерін сәтті жалғастыруда.  

Мажарстанға қонаққа барған “Ақтөбе “ Еуро лиганың  екінші раунды аясындағы алғашқы матчта жергілікті “Кечкиметпен” тең ойнады. Есеп - 1:1.  Грузияның “Металлургі” мен Павлодардың  “Ертісі” арасындағы бәсекеде дәл осындай нәтижемен аяқталды. Ал  Қарағандының  «Шахтері» өз алаңында  2:1 есебімен Ирландияның «Сент Патрикс» клубынан  басым түсті. 

Украина әйелдері 2012 жылғы Еуропа чемпионатына қарсы! Дәл осындай ұранмен Киевте ереуілге шыққан «Фемен» әйелдер қозғалысы алдағы жылы Украинада өтетін футбол мерекесіне қарсы   наразылық білдірді.

Олардың айтуынша,чемпионат кезінде көптеп келетін туристер елдегі жезөкшелікті дамытып, халық арасында кері пікірлер тудыруы мүмкін. Киевтегі стадион құрылысы маңына жиналған жартылай жалаңаш бой жеткендер еуро 2012 ге қарсы екендерін осындай ерекше әрекетпен жеткізді.  Осылайша әлемді өздеріне қаратқан арулар адам саудасына қатысты мәселені  әлемге жария етуде. 

Кезінде Испания құрамасы сапында өнер көрсеткен әйгілі футболшы Луис Энрике  «Рома» футбол клубының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Ол отставкіге кеткен бұрынғы бас бапкер  Винченсо Монтеллоны алмастырды.

Осыған дейін  «Барселонаның» қосалқы құрамын баптап  келген  41 жастағы Луис Энрике, енді римдік футболшыларды  алғы шепте адуынды өнер көрсетуге баулымақ.  Сонымен қатар жаңа бапкер «Барселонадан» футболшы алдыруы да мүмкін. Бейресми ақпараттарға сүйенсек,  испандықтың жылдық табысы 1,6 миллион еуроны құрамақ.

Көпкүндік супервеложарыс  “Тур де Франстың” 12- кезеңінде олимпиадалық ойындардың чемпионы, “Үлкен Дулығаның” үш дүркін жеңімпазы испаниялық велошабандоз Самуэль Санчес олжа салды.

“Тур де Франстың”  қызығы мен шұжығы  әлі алда . Олай дейтініміз, дәстүрлі  доданың көркін ашатын   тартысқа толы бәсекелер таулы кезеңдерде басталады. Кеше велошабандоздар биылғы турдағы алғашқы таулы кезеңнің жарыс жолын бағындырды.  Бұл күні велокеруен жоғары дәрежелі асулардың қатарына  жататын Люз Ардиденді  басып өтті.  Белестерде белін бекем буған испандық велошабандоз Самуэль Санческе бүгінгі кезеңде тең келер ешкім болмады. Ол мәре сызығын бірінші кессе, бельгиялық Джелл Ванендерт екінші, ал Франк Шлек  үшінші нәтиже көрсетті. Жалпы есептегі жағдай бұл жолы да анау айтқандай өзгеріске ұшырай қойған жоқ.  Көш тізігіні француз Томас Фоклердің қолында десек, одан 1минут 49 секунд қалып келе жатқан  Франк Шлек екінші, аустралиялық Кадел Эванс әзірге үшінші келеді.   

 

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін