Ұлттық банк басшысы қазақстандық коммерциялық банктердің таяу уақыттарда сыртқы рыноктан қайта қаржыландырылу мүмкіндігін жоққа шығармайды - kaz.caravan.kz
  • $ 461.26
  • 542.58
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
11 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ұлттық банк басшысы қазақстандық коммерциялық банктердің таяу уақыттарда сыртқы рыноктан қайта қаржыландырылу мүмкіндігін жоққа шығармайды

Ұлттық банк басшысы қазақстандық коммерциялық банктердің таяу уақыттарда сыртқы рыноктан қайта қаржыландырылу мүмкіндігін жоққа шығармайды

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 28 тамыз. АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов қазақстандық кейбір коммерциялық банктердің таяу уақыттарда сыртқы рыноктан қайта қаржыландырылу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

  • 28 Тамыз 2007
  • 472
Фото - Caravan.kz

«Мен еліміздің жекелеген банктерінің сыртқы рыноктан қайта қаржыландырыла алу мүмкіндігін жоққа шығармаймын. Мүмкін несиелендіру шарттары өзгеретін шығар, дейтұрғанмен, өз міндеттемелерін қайта қаржыландыру жөнінде мәмілеге келе алуы әбден мүмкін», — деді Ә. Сәйденов бүгін журналистерге берген сұхбатында. «Осыдан екі апта бұрын олар үшін бұл жол мүлдем жабық секілді көрінген. Бірақ, менің ойымша, бұл мүмкіндік таяу уақыттарда ашылуы ықтимал», — деді ол.

Республикамыздағы қаржы секторындағы ахуалға баға берген Ұлттық банк басшысы «сыртқы факторға байланысты белең алған алғашқы толқын өтті», деп атап өтті. «Қазір көп жағдайда ахуал ішкі факторларға байланысты айқындалуда, соның ішінде тұрғындардың, несие алушылар мен корпоративтік клиенттердің оқиғаны қабылдауына көп нәрсе тікелей байланысты болып отыр», — деді ол. «Сыртқы толқын күшейіп, жағдай тепе-теңдіктен айрылды, ендігі жерде тұрақтылық орнауы үшін осынау ішкі факторлардың теңесуі қажет», — деп атап өтті Ә. Сәйденов.

Оның пікірінше, халық қазір «банктердің басына күн туды, сол себепті ақшамызды сақтап қалуымыз қажет» деген пікірде. «Ірі банктерде проблема жоқ. Жағдайды өзгертіп жіберген сыртқы импульс болды. Қазір олар осындай жағдайға бейімделе бастады. Біз де осы тұста қолмыздан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз», — деді Ұлттық банк басшысы.

Атап айтсақ, бас банкирдің айтуынша, екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банктің несиелік ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігі бірнеше есе өскен. «Қазір 200 — 300 млрд теңгеден жоғары қаржы коммерциялық банктерге қысқа мерзімді несиелер түрінде беріліп жатыр», — деп хабарлады Ә. Сәйденов.

Сонымен бірге, Ұлттық банк басшысының пайымдауынша, «Ұлттық банктің теңге бағамын тұрақты ұстап тұруға бағытталған күш-жігері де» оң фактор болмақ. «Біз тамыздың ортасынан бастап нарықта белсенді ойыншыға айналдық және бізде бағамды тұрақты ұстап тұруға қажетті ресурс жеткілікті, ол біздің резервімізге кері әсерін тигізбейді», -деді Ә.Сәйденов.