Жарияланды: 760

Ұлыбритания премьер-министрі 2004-жылы ресми сапармен елімізге келеді

Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэр 2004-жылы ресми сапармен елімізге келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания үкімет басшысына жолдаған шақыруын осы елде жұмыс бабындағы сапармен болып қайтқан ҚР сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев табыс етті.

Лондонда ҚР сыртқы саясат ведомствосының жетекшісі Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джек Стро, Ұлыбритания премьер-министрінің арнайы кеңесшісі Лорд Леви мырзалармен кездесті. Келіссөздер барысында екі жақты стратегиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Кездесуде Қазақстан -Ұлыбританияның аймақтағы стратегиялық әріптесі екендігі және экономикалық және әлеуметтік-саяси дамуына қарай ТМД елдерінің арасындағы жетекші мемлекетке айналғандығы, сондай-ақ, мұндай табысқа мемлекетіміз экономикалық реформаларды тереңдетуге, азаматтық қоғамды нығайтуға және заңның құзыретін қамтамасыз етуге ұдайы талпынуының арқасында қол жеткізгендігі айтылды. Кездесуге қатысушылар Қазақстан қоғамының біртіндеп демократиялық үрдістерге ден қоюы бұл елдің 2009-жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне жағдай жасайды деп атап көрсетті. Бұл мәселе бойынша Ұлыбритания Қазақстанмен конструктивті ынтымақтастыққа әзір. Қ.Тоқаев сондай-ақ, ханзада Майкл Кентскиймен кездесті. Ханзада Ұлыбритания мен Еуроодақ елдерінде шағын және орта кәсіпорындарды дамыту жөніндегі "Генезис" жобасының жетекшісі екені белгілі. Тараптар Қазақстан экономикасының минералдық емес секторына жаңа инвестициялар тарту, жаңа технологиялар мен инновацияларды пайдалану арқылы Қазақстанда шағын және орта кәсіпорындарды дамытуға бағытталған Ұлыбританиялық бастамалар, сондай-ақ, мәдениет және білім беру саласындағы екі жақты байланыстарды нығайту мәселелерін сарапқа салды. Қасымжомарт Тоқаев ханзаданы алдағы жылы елімізге сапарлап қайтуға шақырды. Сондай-ақ, сапар барысында ҚР СІМ-нің жетекшісі Ұлыбритания парламентінің Қазақстан-Ұлыбритания партияаралық тобының мүшелерімен, соның ішінде общиналар палатасының депутаты Джон Маннмен кездесті. Қ.Тоқаев оларға Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгертулер барысы туралы ақпарат беріп, саяси, экономикалық және мәдени-білім беру саласындағы екі жақты ынтымақтастықтарды одан әрі нығайтуда көлемді потенциалдың сақталып отырғанын атап өтті. Өзара әріптестік байланыстарды дамытуға мүдделі Ұлыбританиялық депутаттар үстіміздегі жылдың қараша айында Қазақстанға келмек ниетте. Сондай-ақ, ҚР сыртқы істер министрі Ұлыбританияның халықаралық қатынастар жөніндегі Корольдық институтында өткен дөңгелек үстелге қатысып, Қазақстанда жұмыс істейтін және осында жұмыс істеуге ықыласты Ұлыбританиялық компаниялардың басшыларымен жүздесті. Сапар барысында Қ.Тоқаев ВВС World Service телевизиялық бағдарламасына, сондай-ақ, "Financial Times" және "The Economist" басылымдарына сұхбат беріп, онда өз сапарының мақсаты мен қорытындысы, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастық перспективасы туралы сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді. ҚР СІМ-нің хабарламасында атап көрсетілгеніндей, жалпы бағалар болсақ, "ҚР сыртқы істер министрінің Ұлыбританияға жасаған сапары Астана мен Лондон арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға тың серпін беріп, Ұлыбритания лидерінің Қазақстанға жасайтын сапарына әзірлікті қамтамасыз етті".

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін