Жарияланды: 530

Үндістан қорғаныс министрлігі елімізге әскери-теңіз күштері саласының мамандарын дайындауға қолұшын береді - ҚР қорғаныс министрі

Үндістан қорғаныс министрлігі елімізге әскери-теңіз күштері саласының мамандарын дайындауға қолұшын береді. Бұл туралы бүгін, 7-қарашада Үндістан қорғаныс министрі Джордж Фернандеспен кездесуден кейін ҚР қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев Астанада мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

"Қазақстан мен Үндістанның қорғаныс саласындағы ынтымақтастығы негізінен еліміз мамандарының тілдік дайындығын жетілдіру, Үндістан қарулы күштерінің өкілдері тарапынан еліміздің Каспийдегі әскери-теңіз күштері мамандарын оқытуда көмек көрсету, сондай-ақ, әскери-қорғаныс зауыттарының іс-қызметі саласындағы өзара ынтымақтастық тәрізді бағыттарды қамтиды",- деді қорғаныс министрі. Осы орайда М.Алтынбаевтың атап көрсетуінше, соңғы аталған мәселе бойынша елімізге жасайтын сапары барысында Дж.Фернандес "Қазақстан инжиниринг" компаниясының басшылығымен және ҚР индустрия және сауда министрлігінің өкілдерімен арнайы жеке кездеседі. Қазір Қазақстан мен Үндістан арасында өзара әскери-теңіз қару-жарағын сату саласында тиімді әріптестік қатынас нығайып келеді, қорғаныс кешеніне қарасты отандық зауыттар осы бағытқа лайықталған,- деді М.Алтынбаев. "Бүгінге дейін торпедолық және трал жабдықтарын бірлесіп өндіру саласында да кейбір жобалар жасалып та қойды",- деді еліміз қорғаныс министрі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін