«Біз мұнда заманауи технологияларды әкеліп, Қазақстанның мақтасын пайдаланбақшымыз. Біздің берлескен өніміміз «Қазақстанда жасалған» деген жазумен әлемдік нарыққа шығады»,- деді Шанкарсинх Вагхела еркін экономикалық аймақта болуы барысында.
Ол Үндістандық кәсіпкерлер еркін экономикалық аймағы аумағында тоқыма комбинатын биыл сала бастайды дегенге сенім білдірді. «Көріп -білген жағдайға біздің көңіліміз толады. Біраз уақыттан кейін біздің компаниялар осы елде өндірістер аша бастайды дегенге сенеміз»,- деді министр.
«Оңтүстік» еркін экономикалық аймағының директоры Өмірзақ Әмет осындай жоғары деңгейлі қонақтың аймаққа алғаш келіп отырғанын атап өтті. «Бізге іскерлік әріптестеріміз көптеп келеді. Бірақ бұл осындай жоғары деңгейдегі алғашқы сапар. Мақта өңдеу жағынан әлемдегі жетекші бір державаның министр бастаған кәсіпкерлері делегациясының бұл бірінші келуі. Біз осындай ынтымақтастыққа ризамыз»,- деді Ө.Әмет.
Үндістандық делегация Оңтүстік Қазақстан облысында 25-26-наурызда болды. Өкілдер облыс әкімі Өмірзақ Шүкеевпен кездесіп, «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағында және Шымкенттегі бірқатар тоқыма өндірістерінде болды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының жарлығымен 200 гектар аумақты алатын «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы құрылған. Бұл жерде мақта өңдейтін 20 шақты өндіріс ашу жоспарланған. Алғашқы кәсіпорындар 2007-жылдың аяғына пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті