Жарияланды: 620

Volvo Construction Equipment Қазақстанда өз өкілдігін ашты

Volvo концерніне қамтылатын Volvo Construction Equipment және Volvo Penta корпорациялары Қазақстан мен Орталық Азиядағы жұмыс аясын кеңейту үшін үстіміздегі жылдың қазан айында Volvo Central Asia атты компания құрған. Бұл туралы бүгін, 5-қарашада Алматы қалалық әкімшілігі өкілдерімен кездесуде Volvo Construction Equipment International AB корпорациясының президенті Рюне Лундберг хабарлады.

Р.Лундбергтің айтуынша, Алматыда Volvo Construction Equipment (Вольво құрылыс техникасы) корпорациясының өкілдігін ашу - жалпы осы аймақтың, соның ішінде осы өңірдегі ең қарқынды дамушы ел ретінде Қазақстанның маңызы арта түсуіне тікелей байланысты. "Ұзақ мерзімді байланыстар орнатуда бұл аймақтың бірегей ерекшеліктеріне және іскерлік өсімді қамтамасыз етуге байланысты корпорацияның тікелей өкілдігін ашудың маңызы зор",- деді корпорация төрағасы. Сондай-ақ, Қазақстанда корпорация өкілдігін аяғынан тік тұрғызып, бизнесті дамытудың артықшылықтары қатарында Р.Лундберг "қолайлы іскерлік орта", "инфрақұрылымның жақсы дамуы", "кәсіби мамандарды іріктеп алу мүмкіндігі" тәрізді факторларды атады. "Біз бұл жерден тек Вольвоның іс-қызметі аясындағы салаларда ғана емес, сонымен бірге экономиканың барлық саласындағы ұзақ мерзімді өсу перспективасын болжап отырмыз",- деді Р.Лундберг. Volvo Construction Equipment АВ корпорациясының вице-президенті Хакан Нирстедттің KZ-today тілшісіне хабарлағанындай, қазіргі жағдаймен еліміздің құрылыс және тау-кендік кәсіпорындарында корпорацияның 37 машинасы жұмыс істейді. Ол сондай-ақ, елімізде концерннің өкілдігі ашылуына байланысты осында әкелінетін өнімдерінің мөлшерін арттыруды көздеп отырғанын хабарлады. Х.Нирстедттің айтуынша, олар сондай-ақ, Ақтауда да сервистік бөлімше ашуды жоспарлаған. "Біз алдағы жылы Өзбекстандағы жұмыс белсенділігін арттыруды да көздеп отырмыз",- деген вице-президент аталмыш елде де өкілдік ашу мүмкіндігін жоққа шығармады. Volvo Construction Equipment АВ корпорациясының өкілдіктері қазіргі жағдаймен ТМД елдерінің арасында Қазақстанмен бірге Ресей мен Украинада да жұмыс істейді. Volvo CE корпорациясы құрылыс индустриясы мен тау-кен саласына арнап машина және жабдықтар өндіруде әлемдегі ең жетекші кәсіпорын санатында. Корпорация өндіретін өнімдер арасында экскаваторлар, тиегіштер, жүкті өздігінен түсіретін машиналар, грейдерлер мен ықшамды құрылыс техникалары бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін