Жарияланды: 830

WikiLeaks: Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалының артуы Ресейдің монополиясын күйретеді – КХР елшісі

Қазақстандағы Қытай елшісі аймақтағы ҚХР ықпалының артуы Ресей Федерациясының Орталық Азиядан қуат ресурстарын экспорттаудағы үстемдігінен айырады, делінген ҚазТАГ агенттігінде бар АҚШ дипломатиялық депешасында.

«ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чэн Гопин американдық елшімен өзінің қоштасу кездесуінде Қазақстанның «ұлы державалар» арасында шеберлікпен теңгермені сақтап отырғанын жоғары бағалады. Бұл әңгіменің жеке адамдар арасындағы әңгіме екендігін ол үнемі еске сала отырып, Чэн, Қытай мен Ресей Орталық Азияда «қатар өмір сүруі керек» деген өзінің жеке көзқарасын білдірді. Ол АҚШ-тың аймақтағы рөлін оң бағалап, бірақ осы аймақта үнемі әскери түрде болудан сақтандырды. Қытай елшісі НАТО мен ШЫҰ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында НАТО-ны маусым айында Ташкентте өтетін ШЫҰ саммитіне шақыруды ұсынды. Чэн Астанадан Бейжіңге 2-ші ақпанда кетеді. Ол Еуразия (ТМД) жөніндегі сыртқы істер министрінің орынбасарлығына тағайындалады. Бейжіңдегі АҚШ елшілігі оны өте қызықты бірақ ұстамды сұхбатшы деп таныса болады», - делінген АҚШ мемлекеттік департаментіне елшінің жолдаған депешасында. АҚШ елшісінің кеңсесіне «елшінің денсаулығы үшін» деп көк шәйдің үлкен қорабымен келген Қазақстандағы ҚХР елшісі өзінің Қытайға оралған соң да байланыста болғысы келгендігін танытқандай болды. Ол өзінің ТМД жөніндегі сыртқы істер министрінің орынбасарлығына тағайындалған соң жетекшілік ететін мәселелер арасында РФ, ШЫҰ және Қазақстанмен қарым-қатынасты атап өтті. «Қазақстанның рөлі мен оның маңыздылығы күн сайын артып келеді және Қытайдың саяси, экономикалық және қауіпсіздік мәселесінде үлкен маңызға ие», - деді Чэн. Ол Қытайдың аймақтағы ықпалын арттыру үшін, әсіресе аймақтық мәселелердің ҚХР қауіпсіздігіне ықпалы тұрғысынан алғанда өзара сенімді дамыту қажеттігін атап өтті. Чэн сондай-ақ, Қазақстанның өзін Батыс пен Шығыс, ЕҚЫҰ және ШЫҰ арасындағы көпір ретінде таныстыруымен толық келісетіндігін білдірді. Елдің ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ пен Кедендік одақтағы рөлі туралы Чэн, Қазақстан «АҚШ, ҚХР және Еуроодақпен қарым-қатынасқа үлкен мән беретіндігін» атап өтті. Қазақстан Ресейге бүйрек бұрып тұратын елдерден еместігін айта отырып, Чэн оның сыртқы саясатын «ақылды және табысты, себебі ҚХР, ЕО және АҚШ-пен жақсы қарым қатынасы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресеймен қарым-қатынасындағы ықпалын күшейтеді» деп атады. Аймақтағы барлық елдер өздерінің тәуелсіздігін нығайтқысы келеді, бірақ Ресей аймаққа өзінің ықпалын күшейткісі келеді. ТМД елдеріне Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болу керек, бірақ олардың барлығы да оның ниетін жақсы түсінеді. ТМД-ның бір де мемлекеті кеңестік дәуірге оралғысы келмейді», - деді елші. Қытайдың Орталық Азиядағы рөлі туралы айта отырып, Чэн «жаңа мұнай және газ құбырлары Ресейдің энергоресурстарға деген монополиясын бұзады, және Ресейге тәуелділіктен құтқарады, себебі ол Орталық Азиядан экспортталатын мұнай мен газда монополиясын сақтап қалғысы келеді. Оған Қазақстан-Қытай мұнай құбыры ұнамайды» деп айтты. ҚХР елшісінің мәліметтерінше, Қытай аймақтағы өз «ынтымақтастығын» арттырған сайын, Ресей өзінің мүдделеріне зиян келмейтіндігіне көз жеткізу үшін мұнда тығыз байланыс орнатуда. Чэн «Қытай осы жерде жұмыс істеуі керек, себебі қытайдың ықпалының артуы Ресейдің аймақтағы монополиясын бұзады», деп айтты. Ол өзінің келешектегі қызмет міндеттері туралы ойлана келіп, Чэн, «маған біздің аймақтағы ынтымақтастығымыздың арта түсуі мен Ресей мүддесінің арасында теңгермені сақтауыма тура келер» деген ой білдірді. «Бірақ біз Ресейге қарап өзіміздің мүдделерімізге зиян келтіре алмаймыз. Қытай мен Ресейдің Орталық Азиядағы қарым-қатынасы бәсекелестік пен ынтымақтастық арасында өрбуде. Біздің саясатымыз – осында қатар өмір сүру және біз диалогты сақтап тұруымыз керек». Қытайлық дипломат ҚХР мен Ресей ортақ пайда үшін қауіпсіздік мәселесінде – оның ішінде лаңкестік және есірткімен күресте бірге жұмыс атқара алады деді. Экономикалық мәселелерде, дейді Чэн, тек қана бәсекелестік. «Келешекте ұлы державалардың Орта Азиядағы қарым-қатынасы өте күрделі әрі сақ болады. Қазақстан өте ақылды және өзінің мүмкіндігін түсінеді және сондықтан да тепе-теңдікті сақтап тұруы тиіс», - деп қорытындылады ол. Ресеймен қиындықтардың барлығы туралы әңгімелерге қарамай, Чэн АҚШ-тың аймақта болуы «ұлы державалар арасындағы балансты» сақтап тұрғанын ескертті. Чэн АҚШ-тың Талибан және лаңкестікпен күресіне Қытайдың қолдау білдіретінін айта отырып, оларды ортақ жау деп атады. Дегенмен ол, «бізде АҚШ лаңкестікпен күресін өзінің аймақтағы әскери орнығуын күшейту үшін пайдалана ма деген алаңдаушылық бар», деп ескертті. АҚШ елшісі Чэнді, АҚШ-тың Ора Азияда үнемі тұрақтау немесе әскери базалар салу жоспары жоқ деп сендірді. Ол АҚШ президенті Барак Обаманың Ауғанстанға ден қоюын ескерсек, Манас транзиттік орталығы, және басқа да ықтимал коммерциялық транзиттік орталықтар - өте маңызды, деп мәлімдеді. Чэн АҚШ-тың Өзбекстанда жаңа транзиттік орталық ашпақшы деген мәліметі барлығымен бөлісе отырып, оны «шетін жағдай» деп атады. Ол Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов мұндай ұсыныспен келіседі, себебі «Өзбекстан Ресеймен қарым-қатынаста сезініп отырған қиындықтарға байланысты, оған басқа елдердің саяси қолдауы мен көмегі қажет» деген пікір білдірді. Чэн, Кәрімов лаңкестікке қарсы күресті өзінің режиміне айтылатын сынды әлсірету үшін пайдаланады, деп айтты. Чэн сондай-ақ АҚШ «Орталық Азияда тұрақтылыққа қолдау көрсетіп, Талибанмен және лаңкесшілермен соғысу» үшін ШЫҰ саммитіне қатысуы керек екендігін атап өтті. ҚХР елшісі Қытайдың Ауғанстан мен Талибанды жеңуге үлкен мән беретіндігін атап көрсетті. Ол сондай-ақ «Шыңжяңдағы лаңкесшілерге қолдау көрсетіп отырғандықтан Талибан мен Аль-Кайдаға қатысты Қытайдың алаңдаушылығын» еске салды. Дегенмен ол, ҚХР тікелей соғысқа тартылғысы келмейді, «себебі АҚШ лаңкесшілермен Қытайға қарағанда жақсы соғысады» деп атады. Қытай халқының санын еске сала отырып, Чэн қауіпсіздікті сақтау негізгі міндет екенін және оны АҚШ жақсы атқаратынын айтты. Ол ҚХР-дың мұнай құбырларына жасалуы мүмкін шабуылдан осал тұстары бар екендігін, ал ол Қытай экономикасына қатты соққы болатынын атап өтті. Қытай елшісі мұнай құбырларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары - ҚХР, Қазақстан және Өзбекстан мен Түркменстан күш құрылымдарының арасындағы консультацияларды қамтитынын атап өтті. Чэн АҚШ елшісіне Қытайдың Қазақстан ҰҚК мен ІІМ-не жеке құрамын оқытуда, жабдықтармен, қару-жарақпен жыл сайын көмектесіп отырғанын айтты. Кездесу қорытындысында Чэн тағы да АҚШ елшісін өзінің есімінің еш жерде айтылмауын сұрады. Ол өзінің жеке көзқарасы жарияланғанын қаламайтындығын, себебі ол өз ойларымен АҚШ елшісімен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан бөліскенін атап көрсетті. Депешадағы американдық елшінің түсініктемесі: «Қытайға қатысты қорқыныш қазақстандық баспасөзде үнемі жарияланып тұрады. Кейбір қазақстандықтар Қытайдың Қазақстан табиғат байлығына иелік етуіне алаңдаушылық танытса, екінші біреулері жерлерді жалға алу мүмкіндігіне алаңдаушылық білдіреді. Себебі олар өз елдерінің бай екендігін және ол әлемде халқы ең тығыз мемлекетпен шектесіп отырғандығын біледі. Қазақстандықтар «құмырсқадай қаптаған» қытайлықтар оларды «колонияға айналдырады» деп алаңдайды. Қытайдың алаңдаушылық танытып отырған Қазақстанның басқа да үлкен көршісі туралы Чэннің айтқандары, Қазақстанның тамаша ойын көрсетіп отырған аймақтағы ойынға қатысты бізде басқаша көзқарас тудырады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін