Зайсан қаласына газ тартылып, Майқапшағайда логистикалық орталық ашылады - kaz.caravan.kz
  • $ 469.83
  • 536.83
+32 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Зайсан қаласына газ тартылып, Майқапшағайда логистикалық орталық ашылады

Зайсан қаласына газ тартылып, Майқапшағайда логистикалық орталық ашылады

Зайсан қаласына газ тартылып, Майқапшағайда логистикалық орталық ашылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифинг барысында аталған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мәлім етті.

  • 6 Қыркүйек 2013
  • 420
Фото - Caravan.kz

«Үкіметтің қолдауымен, көмегімен 1 қазанда Зайсан қаласының тұрғындарына газ береміз. Одан кейінгі кезекте 9 елді мекен бар. Майқапшағай жөнінде біздің үлкен келісімдеріміз бар. Сол жерде біз логистикалық орталық ашуымыз керек», — деді өңір басшысы.

Бұл ретте Қытайдан көптеген техника, детальдарды алатынымызға назар аударған Б.Сапарбаев мұны доғару қажеттігін баса айтты. Мәселен, оның пайымынша, көрші елден тракторға қажетті кейбір детальдарды ғана алып, ал шекарада Қытаймен бірлесіп оны құрастырған дұрыс.

«Жалпы жақында біз Үкіметке ұсыныс жасадық. Мемлекет басшысының шекаралық елді мекендерді дамыту жөнінде берген тапсырмасы бар. Қазір Үкіметте арнайы бағдарлама қабылданып жатыр. Оған Зайсан да, Күршім де, Үржар да, басқа да аудандар да кіреді», — деді облыс әкімі.

Шығыс Қазақстан облысында 2 млрд. кВт энергия тапшы.

«Біздің облыс — энергия шығаратын өңір. Дегенмен, экономиканың даму қарқынына орай қазіргі таңда бізде 2 млрд. кВт энергия жетіспейді. Біз оны өзімізде өндіру үшін судың, желдің мүмкіндігін пайдаланумыз керек», — деді ол.


Бұл ретте Б. Сапарбаев Қазақстан су қорының 60 пайызы шығыста екендігін атап өте келе: «Сондықтан біз қазір 12 компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші компанияның жұмысы Зырян ауданында басталды. Ол — 24 МВт электр энергиясын беретін шағын су электр стансасының құрылысы. Оған инвесторлар 49 млн. еуро қаржы құяды», — деді.

Облыс әкімі күн сәулесінен энергия өндіру ісіне де бет бұру керектігін баса айтты. Оның сөзіне қарағанда, елордадағы күн батареяларын шығаратын зауыт негізгі пластинканы Өскемендегі зауыттан алады. «Ол зауыт бұйыртса, қараша айында іске қосылады»,- деді Б.Сапарбаев.