Зейнеп Ахметова: Ұлттық қасиет тарылып барады
![]() |
Зейнеп Ахметованың жақында жарық көрген «Бабалар аманаты» естелік-эссесінен үзінді. |
Пейіл дегеннен шығады, өзіме тікелей қатысы жоқ, бірақ жүрек шымырлатар әсері болған бір көрініс есіме түсе кетті. Үйіміздің іргесіндегі саябақтың ішімен тура тартып, көкбазардан келе жатқам. Қолымдағы көтергендерім ауырлау болған соң, сәл тыныстайын деп аялдап, шалқайма ұзын орындықтардың біріне отырдым. Мұндайда айналаңа көз қыдыртатын әдет емес пе, төмен жақтан бір қарияның жаяу жолмен асықпай келе жатқанын байқадым. Қасынан үлкен де, кіші де өтіп жатыр. Үйреншікті қала тіршілігі, ешкімнің ешкіммен шаруасы жоқ, бәрі – асығыс, бәрі – қауырт. Қария мұндай көрініске көзі үйреніп көнбіс болып кетсе керек, өткен-кеткенге самарқау, бейжай қарайды. Мен отырған тұсқа таяп қалғанда қарсы жақтан келе жатқан өрімдей жас жігіт қарияға жақындай беріп:
– Ассалаумағалайкүм, ата! – деп қос қолын бірдей ұсынып, сәлем берді.
– Уағалайкүмассалам! – деп қария ауыз толтыра әндетіп жауап қатты. Жүзі бірден жадырап, көздері күлімдеп, жігіттің ұсынған қолын ықыластана
алды. – Шырағым, кәрі көзім бірден шырамыта алмай жатыр, қай баласың? – деді. Ақсақал көзін қысыңқырап, әлденені есіне түсіргісі келгендей болды.
– Ата, сіз мені танымайсыз. Үлкен кісінің алдына тура келіп қалған соң, сәлем беріп жатқан қазақтың бір баласымын.
– Апыр-ай, айналайын-ай! Алматыға келгеніме үш жыл болды. Үш жылдың ішінде бейтаныс жастың «ассалау» айтқанын бірінші рет көріп тұрмын. Сәлем бермек түгілі кейбіреулері өзіңді қағып-соғып құлата жаздап, өте шығады. Өзіңнің өң-түсің жылы, жақсылыққа жаралған жігіт боларсың. Көсегең көгерсін! Сені өсірген ата-анаңа мың тағзым! Сен үлкенді сыйласаң, сені құдай сыйласын! Арман-тілегіңе жетіп, қатарыңның алды бол! – деп қария ақ шелегі ақтарыла аңқылдап, алғысын жаудырып жатты...
– Қайда кеттің? – деген атаның дауысы жүрегімді дір еткізді.
– Сізді тыңдап отырмын, – дедім асыға-үсіге. – Деуін дедім-ау, бірақ осыным бекер болды. Сөзім шикі.
– Жапса, жасырылмайтын өтірік айтып отырсың. Алдыңда үңірейіп қазулы көр тұрса да, шындықты тайсалмай айтқын. Бір өтірік екіншісін айтуға итереді. Кез келген нәрсеге ақталуға әуестенбе! – дегенде құлақ-шекем дуылдап, бетіммен жер басқандай болдым.
Ауыздан шығып кеткен сөзде ноқта болушы ма еді, буыны бос өтірік аузыма қайдан түсе кетті десеңізші... Бір сәтке құтылу үшін айта салған жалған сөзім желкемнен тесіп өтті. Анам: «Аузыңды бағып, ақ сөйле, артық сөз жас адамның алдынан шығады, кәрінің артынан ілеседі», – деуші еді. Айтқаны келді. От айналмай алдымнан шықты. Енді неде болса, кешіктіруге болмас, әлгіндегі есіме түскен көріністі айта бастадым. Алғашында дауысым дірілдеп, тарғылданып шықты. Жасқаншақтай ата жаққа қарасам, мені тыңдап отыр екен. Соны көрген соң кішкене еңсем көтеріліп, сөйлеген сайын кәдімгідей ширығып, сөзім көшеленіп кетті. Мен айтарымды аяқтағанда ата сәл үндемей отырды да, қоңыр дауыспен сөйлей бастады.
– Бір қарағанда қарапайым көрініс. Екі адамның сәлемдескенінде тұрған не бар дейтініндей. Шыны солай болуы керек еді. Өкініштісі сол, көп дәстүрден көз жазып қалған мына заманда екі қазақтың амандасқанын таңсық көріп, сөз етіп отырмыз. Дегенмен бұл жерде есіміз болса, еміренетіндей әрі күйінетіндей екі түйін барын байқадық. Сүйсінерлігі – отбасында ұлттық тәрбиенің уызына жарыған, жақсыны жағалап өскен жас жігіттің қартты құрметтеуі. Ол қартты ғана сыйлап тұрған жоқ, ата салтты ардақтап тұр. Күйзелетінің – ұлттық қасиеттің тарының қауызындай тарылып бара жатқандығы. Үш жылдың ішіндегі бір сәлем – соның айғағы. Бұл – бір жағынан, «танымасын – сыйламас» ала-құла халқы бар, тасқа оранған қаланың суық бауыр табиғатынан болса, екінші жағынан, қайталап айтсам, ниет-пейілдің кемдігінен. Салауатты салт-дәстүрді жас буынға ұқтырмағандықтан.
(З.Ахметова, «Бабалар аманаты»)
Аталмыш кітапты сатып алғыларыңыз келсе, хабарласыңыздар. 87016520613 (Айгүл, Алматы қаласы)
Естелік-эссенің басы ҚОҒАМ рубрикасында мына күндері жарияланған:
Зейнеп Ахметова: Қазақ салтын қорлаған түбінде өзі сорлайды
07/11/2012
Зейнеп Ахметова: Сәлемдесе білеміз бе?
13/11/2012
Зейнеп Ахметова: ,Шіріген шөпті мал жаратпас, шіренген жігітті ел жаратпас"
15/11/2012
Зейнеп Ахметова: ......сонда оның қолынан қаруы түсіп қалады
18/11/2012
Зейнеп Ахметова: "Мәдениетті болу - шікірейіп қызметкер болу емес
20/11/2012
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін