Жарияланды: 710

Жаңа саясат халықаралық институтының бас директоры Е.Қарин Қазақстанның жоғары билігінде болған соңғы ауыс-түйістер қисынды деп санайды

Жаңа саясат халықаралық институтының бас директоры Е.Қарин Қазақстанның жоғары билігінде болған соңғы ауыс-түйістер қисынды деп санайды. Бұл туралы ол бүгін, 11-наурызда Алматыда журналистермен болған кездесуде мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Жаңа саясат халықаралық институты бас директорының айтуынша, "Қазақстанның жоғары билігінде болған соңғы ауыс-түйістер кездейсоқ, бірақ қисынды". Оның айтуынша, "осы ауыс-түйіс нәтижесінде әркім өз орнын тапты". Е.Қариннің пікірінше, Нұртай Әбіқаев сынды "салмақты саясаткер" Қазақстан парламентінің жоғары палатасына саяси салмақ әперуге тиіс. "Соңғы кездері сенат беделі мен ықпалы жағынан мәжілістен кейін шегеріліп қалған болатын",- дейді ол. Е.Қарин осы орайда "Н.Әбіқаев сынды ықпалды саясаткер үшін көлеңкеден күңгейге шығу қажет болатын" деген пікір білдірді. Ал өз еркімен сенат жетекшісі деген лауазымнан босап, мемлекеттік хатшының орынтағына жайғасқан Оралбай Әбдікәрімов аталмыш қызметте Иманғали Тасмағамбетовтың еңсеріп кеткен еңбектерін сол деңгейде сақтап қалуы тиіс,- дейді Е.Қарин. "Иманғали Тасмағамбетов өзіне дейін аты бар, заты жоқ болып келген мемлекеттік хатшы лауазымына айтарлықтай бет-бедел қалыптастырды". Оның бұл лауазымға тағайындалуын "бірінші кезекте мәдениет пен өнер қайраткерлері хош көрген болатын", деді Е.Қарин. Иманғали Тасмағамбетов "мәдениеттің тасын өрге домалату, мемлекеттік тілді дәріптеу, шығармашылық ұжымдарды қолдау тұрғысында ауқымды істерді тындырып кетті",- деді Жаңа саясат институтының директоры. Қарымды әкімшілік қызметкері ретінде И.Тасмағамбетовтың "президент әкімшілігінің жетекшісі лауазымына бекітілуі қисынға келеді",- деді Е.Қарин. "Соңғы әзірде шешімдер шығару құзыреті орталықтан шалғайға қарай, жекелеген министрліктер мен әкімдерге қарай ойысты". И.Тасмағамбетовтың алдында қазір тұрған басты міндет, "жеке тәжірибесінің негізінде президент әкімшілігінің мерейін асырып, мәртебесін көтеруге саяды",- деді Е.Қарин. "Бітімгер, ымырагершіл адам ретінде бұрынғы мемлекеттік хатшы президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалу арқылы саяси элитаның күшін жұмылдыра отырып, ішкі саясат саласына белгілі дәрежеде шығармашылық ауан енгізе алады",- деп пайымдайды Е.Қарин.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін