Жарияланды: 790

Жаңақорған ауданында ҰБТ барысында шу шықты

Қызылорда облысында Ұлттық бірыңғай тестілеудің 4 маусым күні өткізілген бірінші легінің барысында дау-дамай көтерілді.

Облыстың Жаңақорған ауданында ұйымдастырылған сынақ қорытындысына үлкен күмән келтірілді. Осыған орай мәселеге ҚР Білім және ғылым министрлігі араласып, тестілеудің бұл күнгі нәтижелерін түгелдей жойып, оны 10 маусымда қайта өткізуге шешім қабылдады. Осыған байланысты кеше Жаңақорған ауданы әкімдігінде баспасөз мәслихаты өткізілді. Оған ҚР Білім және ғылым министрлігінің Қызылорда облысындағы өкілдері Ардақ Садықова, Исатай Сағындықов, облыстық білім басқармасының бастығы Жаңыл Жонтаева, Жаңақорған ау­дандық Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйым­дастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, аудан әкімінің орын­басары Болат Ибрагимов, аудандық білім бөлімінің бастығы Жұмабай Жәнібеков қаты­сты. - Мектеп бі­тіру­шілердің мемлекеттік сынағына дайындық жұмыстары ауданда биыл да ойдағыдай жүргізілді. Осыған қатысты көлік мәселесі, олардың жол қауіпсіздігі, жатар орын, тамағы, бәрі де нұсқауға сай шешілді. Сол сияқты ҰБТ өткізілетін орын, оған қажетті құрал- жабдықтар алдын ала дайындалды, - деді жиынды ашқан Болат Ибрагимов. Ол өз сөзінде ҰБТ сынағының алғашқы легіне қатысуға 515 түлек өтініш білдірсе, оның 505-і келіп қатысқанын және олардың толықтай металл іздегіш құралдарымен тексеріліп, кіргізілгенін айтты. Сонымен бірге сынақ қорытындысы ҚР Білім министрлігінің шешімімен жойылып, оқушылардың қайта сынақ тапсыра­тындығын және мәлімдеді. Ал ҚР Білім министрлігінің облыстағы өкілі Ардақ Садықова мұның жайын былай түсіндірді: - Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында мемлекеттік құпия құжатқа қол сұғу әрекеті байқалды деген күмән туды. Мемлекеттік құпияның ашылуы мемлекеттің қауіпсіздігіне сызат салады. Оның анығын тиісті орындар тексеру үстінде. Сондықтан да әзірге осындай шешім шығарылды. Бұл пікірді жалғастырған Исатай Сағындықов келеңсіз жағдайға мектеп түлектерінің қатысы жоқтығын айта келіп, алаяқтардың жымысқылығының кесірі екендігін ескертті. «Балалардың бола­шағына залал келмесін деп, Білім министрлігі олардың қайта сынақ тапсыруына мүмкіндік жасап отыр. Сондықтан бұған түсініс­тікпен қарап, олардың қайта сынақ тапсыруына тиісті жағдайды жасау керек», деді ол. - Биылғы түлектердің білім деңгейі төмен емес, - деді Жұмабай Жәнібеков. - Бәлкім, ҚР Білім министрлігінің балаларға сенім артып, ҰБТ-ны қайта тапсыруға мүмкіндік беруі сәттіліктердің бастауы болар. Сон­дықтан ата-аналардың бұған түсіністікпен қарап, сабырлылық танытқаны жөн. Оқушылар ҰБТ-ға жыл бойы жақсы дайындалды. Сынама тест қорытындысы бойынша орташа балл - 83,7 болған-ды. Балалардың біліміне сенуге болады деп ойлаймын. Осылайша ауданда ҰБТ сынағы қайта тапсырылатын болып отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін