Жарияланды: 620

Жапония үкіметі Семей өңіріндегі ауылдық ауруханаларға медициналық жабдықтар берді

Жапонияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі JICA агенттігі Семей өңіріндегі бес аудандық ауруханаға ультрадыбыстық зерттеулер жүргізуге арналған бес бірдей аппаратты қайтарымсыз табыс етті. Бұл туралы KZ-today тілшісіне JICA агенттігінің Семейлік үйлестірушісінің орынбасары Сағадат Сағындықова хабарлады.

Оның айтуынша, бұл жабдықтарды Жапония үкіметі "Семей өңіріндегі медициналық қызмет көрсету жағдайын жақсарту" жобасының аясында ақысыз беріп отыр. С.Сағындықованың айтуынша, аудандық ауруханалар үшін қазіргі заманғы жаңа жабдықтар алу өте сирек кездесетіндіктен ауыл дәрігерлері үшін бұл бір елеулі оқиға болды. Көкпекті аудандық ауруханасының бас дәрігері Құдайберген Толықбаевтың айтуынша, ол қызмет істейтін мекемеде шын мәнінде 10 жыл пайдаланылуы тиіс флюорографиялық аппарат ширек ғасыр бойы әжетке жаратылып келе жатса, рентген аппаратына 10 жыл толды. Ал Ультрадыбыстық аппарат деген тіпті бұған дейін мүлдем болмаған. Аудандық ауруханалардағы медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілу жағдайы барлық жерлерде бірдей дейді Қ.Толықбаев. Жаңа ультрадыбыстық зерттеу аппараттары Бесқарағай, Абай, Көкпекті, Тарбағатай және Бородулиха аудандық ауруханаларына таратылды. Жабдықтарды табыс еткен JICA агенттігінің Семейлік үйлестірушісі Омия Масанори аудандық ауруханалардағы барлық УЗИ-аппараттар тегін қызмет көрсетсе деген өз агенттігі басшылығының өтінішін жеткізді. С.Сағындықованың айтуынша, ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен жұмыс істейтін ауылдық дәрігерлер үшін жабдықтармен қамтамасыз етуші "Жұлдыз Canon" фирмасының қызметкерлері арнайы нұсқаулар береді. Сондай-ақ, жапондықтар Семей мемлекеттік медициналық академиясына, онкологиялық диспансер мен диагностикалық кеңес беру орталығына арнап медицина ғылымының негізгі салалары бойынша әдебиеттер табыс етті. Семей мемлекеттік медициналық академиясының ректоры Мұрат Тілеуовтың айтуынша, бұл кітаптарды аймақтағы барлық дәрігерлер оқып таныса алады. Сондай-ақ, жапондықтар Семейдегі диагностикалық және кеңес беру орталығына бағдарламалық қамсыздандыруы бар компьютер табыс етті. Осы орайда естеріңізге сала кетсек, JICA агенттігінің жобасы Семей өңірінде 2000-жылдан бастап іске кіріскен. Осы мерзімде Жапония жағы әріптестік байланыс орнатқан бірнеше ауруханаға жабдықтар беріп, жергілікті тұрғындардың денсаулық ахуалына тексеру жүргізді. Мәліметтер жинағын жасап, жергілікті дәрігерлер сол елде мамандық шыңдап қайтты. 2003-жылдың мамыр айында жобаның мерзімі 2005-жылға дейін ұзартылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін