Жарияланды: 390

Жаһандық бәсекелестік рейтингіндегі Қазақстанның көрсеткіші бірден 21-ге көтерілуіне білім-ғылым жүйесінің үлесі зор

Бүгін Сенатта «Ғылым туралы» ҚР Заңының және Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010-2014 жылдарға мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы аясында ғылым дамуының жай-күйі мен перспективалары» тақырыбына арналған конференция барысында сөз сөйлеген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.

Сөз арасында министр былтыр қабылданған «Ғылым туралы» жаңа заңға тоқтала келе, ол елдің ғылыми саласына түбегейлі өзгерістер әкелгенін, ғалымдар үшін, ірі ғылыми және инновациялық жетістіктер үшін келешегі зор жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанын атап өтті. «Алғашқы және нақты нәтижелердің бірі - Давос форумында жарияланған Бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі Қазақстанның жоғары көрсеткіші. Бұл рейтинг бойынша Қазақстан көрсеткіші бірден 21 позицияға көтерілді. Ешбір елде бір жылдың ішінде мұндай өсу болмаған», - дейді Б. Жұмағұлов. Оның айтуынша, мұндай нәтижеге қол жеткізуде білім мен ғылым жүйесінің үлесі зор. Өйткені, рейтингтегі көрсеткіштердің бірқатары білім мен ғылым саласына қатысты болып табылады. Мәселен, жаһандық рейтингте «Университеттер мен бизнестің ынтымақтастығы» - 29 позицияға жоғарыласа, «Персонал біліктілігін арттыру»- 24 позицияға, «Ғылыми-зерттеу ұйымдарының сапасы» 13 позицияға көтерілген. «Зерттеу, білім беру қызметтерінің қолжетімдігін бағалау барынша жақсарды. Сонымен қатар, бастауыш, математикалық және ғылыми-жаратылыстану, білім беру және т.б. сапасы да артты. Жалпы, білім және ғылым саласы елдің бәсекеге қабілетін арттыруға қомақты үлес қосты. Елбасы Н.Назарбаевтың алға қойған бастамаларын одан әрі іске асыру арқылы келешекте де зор нәтижелерге қол жеткіземіз», - деді министр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін