— Жолақының 80 теңге болғанына қарсымыз! Келіспейміз! 50 теңге болып қалсын!
Жастардың пайымдауынша, Қарағандыдағы жолақының қымбаттауын облыс әкімі білмейді. Білсе, бәрін жөнге келтірер еді сондықтан көмекті Бауыржан Әбдішевтен күтіп, Тәуелсіздік алаңына жиналған. Адам қарасы көбейген сайын жастардың жанайқайына қала тұрғындары да қосылып, бұқарамен санаспайтын биліктің әрекетін бассыздыққа балады.
Айтқожа Фазылов, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Бұл қалалық әкиматтың, қалалық мәслихаттың халыққа қарсы жасаған жұмысы. Әлеуметтік қарсылық әрқашанда саяси қарсылыққа әкеп соғады. Біздің әкімдер бастарымен ойламайды, олардың жалғыз ақ міндеті- халық шуламасын деп тұр.
Билік өкілдері жастарды Тәуелсіздік алаңынан мәдениет сарайына бастап апарды. Залға кірісімен қала әкімінің орынбасары Ирина Любарская қарашаға кегі кеткендей сес көрсетті.
— Шуламаңыздар!
Жиылғандар қала әкімінің келуін талап етіп табандап тұрып алғасын санаулы уақыттан кейін Мейрам Смағұлов та төбе көрсетті. Келе салып, қарша бораған сұрақтың астында қалғанымен жауабы қысқа. "Жанармай қымбат, автопарктердің халі мүшкіл, жұрт бүгінге дейін 50 теңге төлеп келгендеріне тәубе етсін. Әйтпесе Алматыда баға баяғыда өскен. Ал әлеуметтік аз қамтылғандар қараусыз қалмайды",-деді. Бірақ наны мен жолақысына теңгені тірнектеп табатын бір студент әкімге тосын мысал келтірді.
— Сіз көп ақша табасыз? Жеке үйіңіз бар, жұмыс кабинетіңізден шықпай тек қағазға қол қоюмен айналысасыз? Неге ойламайсыздар бізді?
— Болды болды ештеңе өзгермейді. Шешім өзгермейді. Солай қалады.
—Шенеуніктер осылайша ұлардай шулаған жұрттың дегені орындалмайтынын тағы шегелеп, көзге шұқып берді. Ал жиыннан тараған жұрт бұрынғысынша 50 емес, 80 теңгесін санап мына аялдамадан үйді-үйлеріне тарқасты.