Жарияланды: 630

Жүк пойызы рельстен шығып кетіп, темір жолдың күл-талқанын шығарды

Алматы облысында ірі темір жол апаты орын алды. 62 вагон тіркелген жүк пойызы рельстен шығып кеткен. Соның  салдарынан  тоғыз вагон ажырап, темір жолдың  күл-талқанын шығарды. Апат кеше түнгі сағат екілерде Саз бен Қазыбек би станцияларының арасында болған. Қос бірдей рельс қирағандықтан, Алматыға темір жол арқылы келіп-кету мүмкін емес. Жарты жолда қалған отарбалар әр бекетте қаңтарылып тұр. Апат салдары анықталуда, алғашқы болжам Ресейде жасалған дөңгелектер мен вагон қапталының сынып кетуі.

 Апат айтып келмейді. Түн ортасы ауғанда,сағат екілерде  тоғыз вагон темір жолдан тайып кеткен. Қазір қалыпқа келтіру жұмыстары қарқынды жүруде. Апат салдарынан жалпы ұзындығы 170 метр темір жол бүлінген.   

Айдың күннің аманында ашық алқапта омақасқан отарбаның жүк тасымалымен айналысқаны абырой болды. 62 вагонның  тоғызы  ғана темір жолдан теріс кеткен, қалғаны орнында. Сол тоғыздың жетеуіне азық-түлік пен сусындар тиелген. Қиыс кеткен вагондарды қалпына қою оңайға соқпай тұр. Арса-арса боп айрылып кеткен теміржолдың екі бағыты да бұзылған. Не әрі, не бері жоқ. Терге малшынған мамандар Саз бен Қазыбек би бекеттері арасында болған апат ресейлік доғалақтардың кесірінен деп отыр.
 

Дәулетбай Есенбеков, “Қазақстан темір жолы” АҚ Алматы филиалының директоры:

- Ақау  53 вагонның қырында. Ресей “Азов” зауытында шығатын. Кемшілігінен, жарылғанынан осындай ақау боп отыр.

Көрші елдің темір-терсегі бірінші рет жолда қалдырып отырған жоқ. «Қолымен істегенін мойнымен көтерсін» деп ашуға мінген теміржолшылар шығынды Ресей зауытынан өндіріп алмақ.

Дәулетбай Есенбеков, “Қазақстан темір жолы” АҚ Алматы филиалының директоры:

- Осындай  оқиға біздің ұлттық компанияда бірінші рет емес. Енді осы шығынды Ресейдің мойнына ілдіреміз.

Қос қапталдағы темір жолдың  күл-талқаны шыққаны өзге отарбаларға  кесірін тигізді. Қопада бір тәулік тұрған пойызтар қашан, қай бағытқа бет түзерлерін білмей дал.

Темір жолдағы тосын жайт Алматыға бет алған бірнеше отарбаны орта жолда қаңтарып қойды.  Оңтүстік астанадан 80 шақырым жердегі Қопа бекетінде Алматы - Қызылжар, Алматы - Астана отарбалары омалып тұр. 600-ден астам жолаушының ізі де жоқ, вагондар қаңырап бос тұр. Таңғы үштен бері күтіп, шыдамы таусылған жандар қал-қадірінше кетіп жатыр. Бірін туыстары әкетсе, қалғандары қыруар ақша беріп, көлік жалдап кетуге мәжбүр.

Бұл түнде таксилердің тәңірісі беріпті. Алматыға дейін 10-15 мың теңге талап еткен. Жолаушылардың  бастарына іс түскенде қолтығынан демемеген жауапты орындарға өкпелері қара қазандай.   

Айсұлу Базарова, жолаушы:

- Түнгі 4-тен бері тұрмыз. Ешқандай көмек, ешкім келген де жоқ.  Тамақ жоқ, су жоқ,  дәретхана жоқ. Ешкімге  керегі жоқ, халық.  Шетелде  болса,  сенсация қып шығаратын еді, Қазақстанда ешкімге керегі жоқ.

Қазіргі уақытта Отарда отарбалар кептелісіп тұр. Ақтерек бекетінде тағы 2 жолаушылар пойызы қаңтарылған. Теміржолшылар қозғалысты ертеңге дейін «қалпына келтіреміз»деп отыр. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін