Жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтен өту үшін уақыт беруге міндеттеледі - kaz.caravan.kz
  • $ 467.63
  • 547.69
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтен өту үшін уақыт беруге міндеттеледі

Жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтен өту үшін уақыт беруге міндеттеледі

Өзгерістер Еңбек кодексіне, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, сондай-ақ «Мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізіледі.

  • 14 Мамыр
  • 6
Фото - Caravan.kz

Сенат бүгін өткен пленарлық отырыста еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.

Құжатта еңбек саласында қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ жеке өмірін құрметтеу және қорғау құқығын бекітетін норма қарастырылған.

Сонымен қатар, жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтен өту үшін ақылы еңбек демалысын беруге міндеттеледі. Бұл кезде жұмыс орны сақталып, орташа жалақы төленеді. Ал медициналық ұйымдар цифрлық жүйелер арқылы қызметкерлерді тексеруден өту қажеттілігі туралы хабарлап, скринингтен өтуге тиіс қызметкерлер бойынша мәліметтерді жұмыс берушілерге жолдай алады. 

Бұл нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Бұдан бөлек, Еңбек кодексіне тәртіптік жаза қолдану кезінде жұмыс беруші тек құқықбұзушылықтың өзін ғана емес, оның ауырлығын, жасалу жағдайларын және қызметкердің өкініш білдіру деңгейін де ескеруі тиіс деген норма енгізу ұсынылып отыр.

Сондай-ақ еңбек қатынастарын тоқтату тәртібі нақтыланады: егер қызметкердің соңғы жұмыс күні еңбекке жарамсыздық парағы немесе әлеуметтік демалыс кезеңімен сәйкес келсе, жұмыстан босату күні ретінде еңбекке жарамсыздық немесе демалыс аяқталғаннан кейінгі алғашқы жұмыс күні есептеледі.

Жұмыс берушілер қорғалатын санатқа жататын азаматтардың еңбек шартын жасасудан бас тарту себептерін, егер олар түсініктеме сұраса, жазбаша түрде көрсетуге міндетті болады.

Өзгерістер еңбекті қорғау мәселелерін де қамтиды. Атап айтқанда, жұмыс берушілер өндірістік нысандарды, жабдықтарды, көлік құралдарын және басқа да негізгі құралдарды қолданыстағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес келтіруге міндеттеледі.

Түзетулер әлеуметтік әріптестік жүйесіне де әсер етеді. Жергілікті атқарушы органдарға өңірлік үшжақты комиссияларды ұйымдастыру және жұмыс берушілер, кәсіподақтар мен еңбек инспекциясы арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру бойынша қосымша өкілеттіктер беріледі.