жұмыссыздар мен аз қамтылған отбасылардың проблемаларын шешуге бағытталады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті.
«Сонымен қоса, біздің алдымызда индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін кадрлық әлеуетті дамыту және атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру мәселесі тұр. Ал 1 шілдеден бастап жүзеге асатын Жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы негізгі үш бағытты қамтиды. Бұлар — одан әрі жұмысқа орналастыру үшін кәсіби оқыту, екіншіден — өз ісін бастау үшін, оның ішінде ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жәрдемдер беру, үшінші бағыт — егер тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналасудың немесе бизнес ашудың перспективасы болмаса, бағдарлама бойынша дамыған өңірлерге жұмыс күшін орналастыру қарастырылады. Бұл ішкі еңбек ресурсының мобилділігін арттырады», — деді Г. Әбдіқалықова.
Оның айтуынша, бірінші бағдар бойынша кәсіби оқыту техникалық және кәсіби білім беру мекемелері базасында қалыптасатын болады. Бұл бағыт бойынша бағдарламаға қатысушылар үшін тегін оқыту, оқитын жеріне қатынау барысындағы шығындарға өтемақы төлеу, ай сайынғы жатын орны үшін шығындарды қайтару түріндегі қолдау шаралары қарастырылады.