Журналистердің қоғамдық ұйымдары "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң жобасына енгізілетін түзетулерді парламентке ұсынбақшы - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Журналистердің қоғамдық ұйымдары "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң жобасына енгізілетін түзетулерді парламентке ұсынбақшы

Журналистердің қоғамдық ұйымдары "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң жобасына енгізілетін түзетулерді парламентке ұсынбақшы

Қазақстан журналистері конгрессі, Internews-Kazakhstan, соғыс және бейбітшілік институты тәрізді журналистердің қоғамдық ұйымдары мен Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық бюро "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң жобасына енгізілетін түзетулер пакетін парламентке ұсынбақшы. Олардың пікірінше, бұл түзетулер БАҚ-тар, мемлекеттік мекемелер мен оқушылар арасындағы қарым-қатынасты дәйекті реттеуі тиіс. Бұл туралы бүгін, 20-қазанда Алматыда аталмыш заң жобасы бойынша өткізілген республикалық тыңдауда жария етілді.

  • 20 Қазан 2003
  • 846
Фото - Caravan.kz

Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық бюро төрағасы Евгений Жовтистің айтуынша, ҚР үкіметі тарапынан ұсынылған заң жобасы концепциялық негіздемесіз жасалған. Ата заңға сәйкес Қазақстанда сөз бостандығы, ақпарат тарату және оған еркін қол жеткізу құқығы жария етілген, ал БАҚ болса, сол ақпаратты таратушы құрал болғандықтан, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң аталмыш құқықты жүзеге асырушы әрі оны қорғаушы техникалық сипаттағы заң болуы тиіс. Сонымен бірге , заң жобасында оқушы мен көрерменнің ақпарат алуы -азаматтық құқығын жүзеге асыруы ретінде емес, ақпарат тұтынуы түрінде көрсетілген. Бұл — Ата заңға қайшы келеді.

Заң жобасы еліміздің басқа заңдарына да қайшы . Атап айтсақ, онда БАҚ-тардың шаруашылық іс-қызметін реттеуді қарастыру арқылы БАҚ-тарды жалпы азаматтық құқықтық аядан шығарып жіберген. Internews-Kazakhstan ұйымының заңгері Сергей Власенконың пікірінше, ҚР ақпарат министрлігі аталмыш заң жобасында лицензиялаудың жаңа түрін енгізуді, атап айтсақ, телерадиохабарларын таратуды ұйымдастыру бойынша лицензиялауды ұсынады. Қазіргі таңда телерадиокомпанияларды лицензиялау, яғни, теле- және радио жиіліктерді тарату жұмыстарын байланыс және ақпараттандыру жөніндегі комитет атқарады. Демек, үкіметтің БАҚ-тарға ықпал жасайтын тағы бір тетігі пайда болу мүмкіндігі бар.
Заң жобасының бір бөлімінде көрсетілгеніндей, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен жеке азаматтар БАҚ редакциясынан ақпарат көзі туралы мәлімет ала алады деп көрсетілген. Кеңеске қатысушылардың пікірінше, бұл көрсеткіш журналистердің құқығы мен іс-қызмет аясын тарылтады. Ал шын мәнінде журналистер керісінше, оларға ақпарат беруші көздердің мүддесін қорғауға тиіс. Журналистерден ақпарат көзін жартия етуді тек сот қана талап етуге құқылы болуы керек.
Сондай-ақ, мемлекеттің БАҚ-тар арқылы тіл саясатын жүзеге асыру мәселесі де реттелмей отыр. Заң жобасы бойынша, электрондық БАҚ-тар өз бағдарламаларын екі тілде тәулік бойына біркелкі таратуы тиіс. С.Власенконың пікірінше, бұл формулировка әр тілде хабар тарату уақытын нақты регламенттеп көрсетпейтіндіктен, бұл бақылаушы мекемелерге оны өз қалауынша түсіндіруге мүмкіндік береді.
Тұтастай алғанда, С.Власенконың пікірінше, заң жобасы түбегейлі жаңа жоба емес, қолданыстағы «БАҚ туралы» заңға Қазақстандық БАҚ-тардың жұмыс істеу аясын шектейтін өзгертулер енгізуге бағытталған түзетулер жинағы болмақ. Ал бұл өз кезегінде Қазақстанда толыққанды ақпараттық кеңістіктің қалыптасуына кедергі келтіреді.

Соңғы жаңалықтар