Шығыс Қазақстан облысында апатты жағдайдағы 47 мектеп бар. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифинг барысында аталған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мәлім етті.
Өңір басшысының атап өтуінше, білім беру саласындағы күрделі проблемалардың бірі апатты жағдайдағы мектептерді жою болып отыр.
«Бүгінде бізде 47 апатты мектеп бар. Жалпы, Шығыс қҚазақстан мектеп салуда көшбасшылар қатарында. Соңғы 4 жылда 44 мектеп салынды», — деді ол.
Б.Сапарбаевтың сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы 34 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 31-і апатты мектептердің орнына салынуда.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының келесі жиынын шығыста өткізуге дайынбыз.
«Жақында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірінші орынбасары Талғат Мамашев қазақ құрылтайын келесі жылы шығыста өткізу жөнінде осындай ұсыныс жасады. Біз оны қабылдадық. Ары қарай басшылықтан рұқсат, қолдау болатын болса, біз өткіземіз», — деді ол.
Сонымен қатар облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасалып жатқан тарих жөніндегі бағдарламаны дұрыс бағалайтындығын атап өтті.
«Тарихты білуіміз керек. Қазақтың мың жылдық тарихын бүкіл дүниежүзі білуі тиіс», — деп атап өтті Б.Сапарбаев.