Жылуға жарымаған щучьеліктер үскірік аязда бүрсеңдеп отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жылуға жарымаған щучьеліктер үскірік аязда бүрсеңдеп отыр

Жылуға жарымаған щучьеліктер үскірік аязда бүрсеңдеп отыр

Ақмола облысының Щучье қаласында көпқабатты 25 үй мұз құрсауында қалудың шақ алдында. Балабақша, мектеп жұмысын тоқтатқалы бір аптадан асты. Өткен мереке күндері бүрсең қаққан 300-ге тарта тұрғын митингке шықпақ болып жиналған. Аудан басшылары сасқандарынан оларға электр жылытқыштарын тегін таратып, екі күнде жылу болады деп уәде беріпті. Бірақ мәселе әлі шешілер емес.

  • 20 Желтоқсан 2012
  • 440
Фото - Caravan.kz

Жылыту маусымы басталғалы жылуға жарымаған Щучье тұрғындарына енді мүлдем қиын болды. Аяз қыспаққа алғалы бір аптада пәтерлердің қабырғаларына мұз қатқан. Іштегі температура небәрі 2-3 градустан көтерілген емес.

Мэлс Жаркеев, Щучье қаласының тұрғыны:

— 90-шы жылдары біз анау темекінің орнына махорка тартқамыз. Жарық болған жоқ. Сол кездерде «Тепловик» болған, сонда жылы болды. Үйде міне, осымен отырмыз. Ішімізге кимегеніміз жоқ, кешке 2-3 көрпені жамыламыз.

Казбек Цуров, ПИК төрағасының орынбасары:

Тәуелсіздік күні қарсаңында амалы таусылған жұрт наразылыққа шықты. Тіпті, орталықтағы мерекені де тоқтатып тастаймыз деді. Сонда аудан әкімі келіп, халықты сабырға шақырып, жылу болады деп уәде еткен. Тіпті, электр жылытқыштарын тегін таратты. Бәріміз әкімнің сөзіне сеніп, бір-бір жылытқышты алып үйімізге тарадық. Бірақ, мәселе шешілер емес. 

Аудан әкімдігі сыйлаған электр жылытқыштарын жаппай қосқан кезде тағы бір проблема туындады. Желілер кернеуді көтермей жұрт жарықсыз қалған. Бір қызығы, жылу беретін кәсіпорын жарты жылдың ақысын алдын-ала жинап алады екен. Енді тұрғындар ақшаларын қайтарып беруін талап етпек.

Тұрғындар жылу маусымына қала дайын болған жоқ. Құбырлар қымталып, жылу қазандықтары тазартылмады,- дейді. Ал жылу беруші кәсіпорын тоңып отырған тұрғындардың айтқандарын жоққа шығарды. 


Александр Лахтиков, «Теплотранзит» МҚК директоры:

— Жылу маусымы басталғаннан бері жылу жоқ деген бекер. Желтоқсанның 12-сі күні белгісіз біреулер негізгі құбырды ашып, суды ағызып жіберген. 400 текше метрден аса су далаға кетті. Соның орнын толтырып, жылытқанша сол болып жатыр. Енді екі сағаттан соң үйлер жылынады. Біз осы 7 күнге ғана төлемді алып тастаймыз.

Уәде еткен екі сағат түгілі жарты күн өтті. Хабарласқан тұрғындар жылудың лебін әлі сезген де жоқпыз,-дейді.