Алматы және Семей зооветеринариялық мемлекеттік институттарын қайта ашу қажет - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы және Семей зооветеринариялық мемлекеттік институттарын қайта ашу қажет

Алматы және Семей зооветеринариялық мемлекеттік институттарын қайта ашу қажет

Алматы және Семей зооветеринариялық мемлекеттік институттарын қайта ашу қажет. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында еліміздегі ауыл шаруашылығы мамандарының мәселесін көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.

  • 9 Маусым 2011
  • 468
Фото - Caravan.kz

«Мемлекет басшысы Н. Назарбаев агроөнеркәсіп кешенін индустриялды-инновациялық дамыту арқылы елімізде арзан да сапалы азық түлік өнімдерінің молшылығын жасау, оның экспорттық әлеуетін көтеру міндеттерін қойды. Бұл міндеттерді орындауда инновациялық даярлығы мен тәжірибесі бар білікті де білімді мал шаруашылығы мамандарының, мал дәрігерлері мен зоотехниктердің жетіспеушілігі қатты сезілуде. Соған қарамастан, соңғы жылдары, елімізде аталған сала бойынша мамандар даярлау саны азайып, сапасы төмендеп отыр», — деді сенатор өз сауалында. Оның айтуынша, қазіргі таңда аталмыш мамандықтар бойынша оқуға түсуге ынта білдірген жастардың саны жылдан жылға азаюда. Оның себептеріне тоқталған депутат, ветеринария саласы мамандарының жұмысы ауыр әрі өте қауіпті болуына қарамастан олардың қызмет нормативі бекітілмегенін, еңбек ақыларының төмендігін алға тартты. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін әлеуметтік сала қызметкерлеріне берілетін жеңілдіктер да осы санатқа берілмейді. Бұдан бөлек, сенатор мамандардың ауылдық жерлерде толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасалмауы салдарынан, оқу бітірген студенттердің төрттен бірі ғана өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүргенін алға тартады.

«Еліміздің 7 066 ауылдық елді мекендерінің 3 094-інде немесе 44 пайызында ветеринар мамандар жоқ. Ал, жоғарғы оқу орындарында ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау сапасының төмен болуы, материалды-техникалық базаларының нашарлауы білікті кадрлар мен оқытушылардың азаюына әкеліп соғуда. Сондықтан, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлаудың саны мен сапасын арттыру, оларды әлеуметтік қолдау мақсатында бірқатар мәселелер шешім тапса игі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында жас мамандардың ауылда тұрақтандыру үшін, оларды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру қажет. Екіншіден, мал дәрігері және зоотехник мамандарын дайындау бойынша мемлекеттік гранттардың көлемін ұлғайтқан ләзім. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының жіктеуішіне «Зоотехния» мамандығын қалпына келтіру қажет. Себебі, зоотехник мал тұқымын асылдандыру мен селекция жүргізуде, ауыл шаруашылығы малдарының өсімін молайту, мал азығын, жемшөп өндірісі, мал шаруашылығы шикізатын өндіру және қайта өңдеу, мал шаруашылығы қызметін ұйымдастыруды және жүргізуді қамтитын басты мамандық болып есептеледі. Бұдан бөлек, мал шаруашылығы саласын білікті де тәжірибелі мамандармен қамтамасыз ету мақсатында арнайы мамандандырылған Алматы және Семей зооветеринариялық мемлекеттік институттарды қайта ашу қажет», — деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар