Фестиваль Варна қаласының муниципалитеті мен мәдениет департаментінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылы 2-6 тамыз аралығында Варна қаласында өтті. Байқауға 25 елдің 34 өнер ансамблі қатысты. Соның ішінде тек 8 елдің би ұжымы таңдап алынды. «Фараб» ән-би театры (көркемдік жетекшісі Мейіржан Алиакбаров) бұл фестивальде Астана қаласының ғана емес, елімізден шақыртуға ие болған бірден-бір өнер ұжымы болғандықтан, өнер додасында Қазақстан атынан бақ сынады.
Қатысушылар әзірлеп келген өнерлерін Варна қаласындағы жыл сайын алуан түрлі би байқаулары мен фестивальдар өтетін әйгілі жазғы театрда ортаға салды. «Фараб» ән-би театры әділқазы алқалары мен көрермендердің назарына қазақтың билері мен әндерін, күмбірлеген күйлерін ұсынды. «Балбырауын», «Серпін», «Жайлауда», «Қайың», «Қылықты қыздар», «Белес», «Қара жорға» билері көрермендердің көңілінен шықты. Сонымен қатар, «Сәулем-ай», «Ой, жайлау», «Аулың сенің іргелі» сынды қазақтың халық әндері шырқалып, киелі аспабымыз — домбыраның күмбірлеген әуені жұртшылықты сиқырлы сезімге бөледі. Фестиваль барысында «Фараб» ән-би театры жергілікті телеарнаға шақырылып, сұхбат берді.
Делегация басшысы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті халықаралық байланыстар бөлімінің бастығы Сара Қытайбекованың айтуынша, бұл фестиваль өнер көкжиегі арқылы аталмыш университеттің халықаралық қатынастар мен ынтымақтастықты нығайту шаралары жолында жасап жатқан ізгі қадамдарының бірі. Себебі, өнер мен мәдениет көзі — тіл мен ділді таңдамайтын, әрдайым достастық кепілі болып табылатын әлемдік рухани мұра.
Жүлделі екінші орынды Украинадан келеген би ансамблі иемденсе, үшінші орынды Босния және Герцеговина елінің би ұжымы қанағат тұтты.
«Фараб» ән-би театры фестиваль сапарына қолдау көрсеткені үшін университет ректоры, профессор Айтбай Бұлашевқа алғысын білдіреді.