Бұл туралы кеше кешкісін Алматыда бастау алған VII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің ашылу салтанатында атап өтілді.
«Шын мәнінде қазақ даласы Еуропа мен Азия атты құрлықтың арасын жалғастырып жатқан үлкен мемлекет. Бұл бес Франция немесе бүкіл Батыс Еуропа елі еркін сиятын, батыс пен шығыс мәдениетінің арасын жалғастырып жатқан — «алтын көпір». Сондықтан біздің өнеріміз де осыған сәйкес…», деп атап өтті ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед кинофестивалдің ашылу салтанатында.
Шара барысында: «Бүгінде қарқынды дамыған қазақ киносы әлемдік киноларға қоян-қолтық араласа бастады. Соның нәтижесінде, бірлескен жобалар көбейді. Жылдан -жылға шараға деген қолдаудың арқасында кинофестиваль — нағыз халықтық мерекеге айналуда»,-деп атап өтілді.
«Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерейтойы қарсаңында өтіп жатқан фестивальде көрсетілетін отаншылдық рухқа толы кинотуындыларымыз әрбір көрерменге тамаша тарту болары сөзсіз»,-дейді шараның ұйымдастырушылары.